Фото: Газета.ру
1 тамызда Астана Аренада Дженнифер Лопестің алғашқы жеке ірі концерті алдында ұйымдастырушылар көрермендерге ескерту жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
25 мыңға жуық адам жиналатын шара кезінде стадионның өткізу қабілеті шектеулі болатынын ескерткен олар, ертерек келудің маңызын атап өтті.
Концертке кіретін есіктер сағат 16:30-да ашылады. Ал концерт 19:00-де басталады.
«Барлық 25 000 көрермен 19:00-де келсе, Аренаның өткізу мүмкіндігі шектеулі болып қалатынын ескерген жөн. Сондықтан есіктер 16:30-дан ашық болады. Әр көрерменді өткізуге уақыт кететіні ескеріліп, кіру процесі кемінде 3 сағатқа созылуы мүмкін», – деп жазды "Астана концерт" продюсері Мәлік Хасенов.
Сол себепті концертке ертерек келіп, кезек пен кіру барысында уақыт жоғалтпауға кеңес беріледі.
Дженнифер Лопестің концерті өтуіне байланысты Астанада жол қозғалысы шектелетінін де ұмытпаған жөн.
Еске сала кетейік, Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертіне әлемнің 29 елінен көрермендер келеді.
