04 қаз, 2022 сағат 21:02

Атырауда жекеменшік "ұлттық қыздар мектебіне" айыппұл салынды


4 қазанда Атырау қаласының әкімшілік соты қаладағы жекеменшік "Қазақ ұлттық қыздар мектебіне" лицензиясыз жұмыс істеді деп 53 603 теңге көлемінде айыппұл салу туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды Азаттық.

9 қыркүйекте "Адырна" сайты "Атырауда жаңадан ашылған "Қазақ ұлттық қыздар мектебі" салафизм бағытында және қыздардың бетін тұмшалауға итермелеп жатыр" деген сарында мақала жариялаған.

Осы мақаладан кейін Атырау облысы білім сапасын қамтамасыз ету департаменті мектепке тексеріс жүргізіп, жекеменшік білім беру орнының лицензиясыз жұмыс істеп жатқанын анықтаған.

13 қыркүйекте Атырау облысы білім сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Бердібек Таишев мектеп үстінен Әкімшілік кодекстің "Тиiстi тiркеусiз кәсіпкерлік не өзге де қызметпен айналысу" бабы бойынша хаттама толтырып, сотқа жолдаған еді.

14 қыркүйекте қыздарға арналған жекеменшік мектептің директоры Жұмазия Жолмұханова Азаттық тілшісіне "мектепте салафизм идеологиясының үгіт-насихаты жүреді деген ақпарат жалған және мұнда оқушылар мемлекеттік білім беру стандарттарымен оқиды" деген.

Сот процесі 20 қыркүйекте басталған еді. Соттың бапасөз қызметі мектептің биылғы оқу жылына 101 оқушыны (барлығы жеті сынып) қабылдап, тіркеусіз және рұқсатсыз білім берумен айналысқанын хабарлады.

Ал Таишев Азаттық тілшісінің "мектепке тексеріс кезінде салафизм белгілері байқалды ма?" деген сауалына "біз бұл бойынша маман емеспіз, сондықтан ондай белгі бар не жоқ деп айта алмаймыз. Өз құзіретіміз шегінде білім саласындағы нормативтерге сәйкестігін ғана тексереміз" деп жауап берді.

Мектеп директоры Жұмазия Жолмұханова сот қаулысына қатысты әзірге ештеңе айта алмайтынын, құрылтайшыларымен кеңесетінін жеткізді. Оның сөзінше, мектеп алты айдан соң лицензия алады, оған өтініш беріп қойған. Сот қаулысына сай, мектеп айыппұлды он күн ішінде төлеуі тиіс.

Мектеп жұмысын жалғастырып жатыр.