17 қар, 2022 сағат 19:24

«Ауыл» партиясының өкілдері «Қызылжар сүт» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті


Бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың сенімді өкілі Николай Арсютин Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданы Чапаево елдімекенінде орналасқан «Қызылжар сүт» ЖШС кәсіпорнына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында кандидаттың сауалды бағдарламасының негізгі бағыттары баяндалып, партияның жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтылды, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Жигули Дайрабаев өзінің бағдарламасында Қазақстан шикізаты бай мемлекет бола тұра, өз халқын қолжетімді отынмен және энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ете алмай отырғандығын атап өтті. Осы ретте көпшілікпен кездескен Николай Арсютин бағдарламада ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше ден қойылғандығына тоқталды.


««Ауыл» партиясы ауылдық елді мекендерді жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді ұлттық стратегияны заң деңгейінде қабылдауды  ұсынып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мәртебесін арттыру өте маңызды. Қала тұрғындарын коммерциялық үстеме бағасыз азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін мегаполистерде, моноқалаларда, облыс және аудан орталықтарында тұтыну қоғамдары мен кооперативтер желісін құру және дамыту жоспарланған», – деді Николай Арсютин.

Өз кезегінде кәсіпорын қызметкерлері кандидаттың бастамаларын тыңдап, аталмыш жобалар жүзеге асса саладағы қордаланған мәселелер шешім табарына сенім білдірді.


Өндіріс ошағынан кейін партия өкілдері Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы кітапханада сайлаушылармен кездесу өткізді. Жиында кандидаттың алдағы уақытқа жоспарлары, «Ауыл» партиясының жобалары төңірегінде әңгіме қозғалып, жұртшылықтың сұрақтарына жауап берілді.