19 шіл, 2017 сағат 16:44

Азамат Мұсағалиев қазақ халқынан кешірім сұрады

Танымал «КВН» ойыншысы, ресейлік Азамат Мұсағалиев ТНТ арнасында көрсетілген қазақ тіліне қатысты әзілді түсіру кезінде еш кемсіту ниеті болмағандығын хабарлады. Бұл туралы ол Инстаграмдағы жеке парақшасында жазды.

«Құрметті достар! Бауырлар! Қазақ ағайындар! Бұл әзілді түсіргенде қазақ тілін кемсіту немесе мазақ ету ойда да болмаған. Әзіл кейбір қазақ тілін түсінбейтін қазақтар жайында еді. Ал ондайлар, өкінішке қарай бар. Яғни, сол персонаждың рөлін сомдадым. Сіздер мені түсінеді деген ниетпен жазып отырған жайым бұл. Шын мәнісінде маған бәрібір болса, мән бермей, барлығын өшіріп тастап жүре беретін едім. Сондықтан, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын! Ізгі ниетпен, Ресейде жүрсе де, жүрегі қазақ деп соғатын Азамат Мұсағалиев!» - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, Азамат Мұсағалиев тағы бір қазақ әзілкеші Нұрлан Сабуровпен бірге шағын ролик түсірген еді. Олардың бұл әзілін қазақстандықтар сынға алып, әлеуметтік желілерде реніштерін білдірген болатын.