30 қаң, 2024 сағат 18:37

“Елтаңба ұғымға сай болуы қажет”- Бақытжамал Оспанова

Мемлекеттік рәміздерді білу, құрметтеу – патриотизмнің басты нышаны. Рәміздер – біздің мақтанышымыз.Оның ішінде елдің елдігін, мемлекеттің болмысын танытатын елтаңбаның орны бөлек. 

Мемлекеттік рәміздерді насихаттап, дәріптеу біздің елімізде балабақшадан басталып, мектептерде де жан-жақты таныстырылып жүр. Оны өзімнің немерелерімнен де байқаймын. Ағайын-туыстың балалары да таңдайлары тақылдап авторларына дейін жатқа айтады. Ауылдық жерлердегі мектептерде ол тіптен жақсы насихатталатындай.

Біздің ұлттық кітапхнаға күн сайын 3-4 мыңға дейін оқырман келеді. Солардың 70-80 пайызы – жастар. Оқырмандармен жиі байланыс орнату арқылы да жастардың бойында патриотизм жоғары екенін байқап жүрміз. Кітапхананың ішінде түрлі танымдық бұрыштар әзірлеп, арнайы дәрістер өткіземіз. Себебі біздің кітапханамыз келген оқырманға рухани орда, танымдық орталық ретінде қызмет көрсетеді. Мемлекеттің рәміздердің, елдік нышандардың қадір-қасиетін таныстырып отырамыз.

Алайда, таяуда ғана Астана мен Алматы қалаларында  жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қатысқан 500-ден астам түрлі жастағы азамат біздің елтаңбаның бейнесін есіне түсіре алмай қиналғанын айтып жатыр.  Елтаңба барлық азамат үшін түсінікті, ұғымға сай болуы қажет. Оның бойында ұлтымыздың жүріп өткен жолы, таным-түсінігі айқын көрініс табуы қажет. Қазақстанды шетілдіктер көбінесе қонақжай, еркін, отбасы құндылықтары мен бірлігі бекем ел деп таниды. Бұл белгілер біздің мемлекеттік бейнелерден де көрініс тауып, біте қайнасып жатқаны дұрыс. 


Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм қасиеттері ұрпақ бойында рәміздер мен бейнелер арқылы қалыптасады.

Бақытжамал ОспановаҚР Ұлттық кітапханасының директоры