18 шіл, 2017 сағат 07:58

"Балалары ана тілін білмегенге қорланбайтын ұлт біреу болса, біз сол болдық..."

Ел ішінде «баламды оқытам деп кәпір қылып алдым» деген сөз бар. Бұл сөздің астарында қандай қасіретті шындық жатқанын әншейін кезде елей бермейміз. Әуел баста мұндай өкінішті лебіз әлдекімнің орысша оқыған баласының дәстүр жолымен жүрмей, қырын кеткендігінен туған болу керек.

Әлбетте бұра тартқан, қиғаш лаққан бірен-саран болса, «ел ішінде бір тентек жүрмеймеге» салып, бұған аса көңіл аудармауға да болар еді. Ал, ұятпен де, аятпен де ісі жоқ, пиғылы мен мінезі жаттан бетерлер көбейсе, олар ұлттың ең ізгі құндылықтарын тәрік етуге шімірікпесе, бұларды кім дейміз?

Аңқау жұртымыз бір кезде мемлекет көлемінде жүргізілген орыстандыру саясатының түпкі мақсатын түсінбей, «қазақша біле жатады ғой» деп, балаларын орыс мектебіне іркілмей бере бастағаны белгілі. Сол буынның ішінен орысша алған білімін қазақ мүддесімен ұштастырып, қазақ тілі мен дәстүрінен қол үзбей, азамат сипатында танылғандар да жоқ емес. Бірақ, орыс мектебінде оқығанның көбі олай болмады. Мектепте де, жоғары оқу орнында да қазақ тілінен, тарихынан, мәдениетінен, салт-санасынан зәредей де мағлұмат алмай тәрбиеленгендіктен, олар түрі қазақ, рухы бөгде болып қалыптасты. Қазақтың көптеген ұлы мен қызының үйде де, түзде де орысша сөйлеп, ана тілінен махрұм қалғанын келе-келе үйреншікті нәрседей қабылдайтын болдық. Балаларымыздың дүбәра болғанына намыстанбадық, қайта бір түрлі мақтаныш сезгендей болып жүрдік. Ауру асқынып кетсе, емделу қиын болатынын естен шығардық. Дүииеде басқа тілді меңгермеген ел жоқ, бірақ, олардың бір де біреуі өз тілі мен мәдениетінен безбейді. Балалары ана тілін білмегенге қорланбайтын ұлт біреу болса, біз сол болдық. Міне, енді, ойланбағанның түбі ойран дегеннің кебіне ұшырап отырмыз.

Соңғы жылдарда оңай жолмен байып алған бір топ жас қазақ іскерлері конституцияда, паспортта казақ деген сөз жазылмасын, орыс тілі мемлекеттік тіл болсын, жер сатылатын болсын деп шыға келгенде үй ішінен үй тіккендердің бет пердесі сыпырылып, суық ажары бірден танылғандай болды. Шындығында мұндайлардың жатбауыр болып өсуі табиғи. Олар ауылды жерде ауыр тіршілік кешіп жатқан қазақ жұртшылығының хал-күйінен мүлде бейхабар. Көбі табаны топырақ баспай, аяғына тікен кірмей, жасында бесік жырын естімей өскендер, қазақтың халықтық әні мен күйінен ләззат алмағандар, ертегі, жыр, аңыз тыңдап көрмегендер, қазақ әдебиеті теңдесі жоқ бай көркемдік, танымдық, тағлымдық қазына екенін сезінбегендер.

Халықтың тарихи даму ерекшелігіне мән бермеушіліктің, оған астамшылыкпен қараудың, аты жоқ, заты космополиттік дертіне бой алдырудың себептері осы сияқтылар. Мәңгүрт мінезді жандарға қазақ тілінен орыс тілі жақын, ата-баба дәстүрінен ақша жақын, бүгінгі кедейленген қазақ қандасынан гөрі қаржы көбейту жолындағы саптасы жақын.

Жоғарыдағыдай рабайсыз талап қойып хат жазғандардың ішінде қазақ халқының ардақты жазушысы Ілияс Есенберлиннің ұлы Қозыкөрпештің де аты жүр. Козыкөрпештің бизнесмен атағы таныла бастағанда «Ілекеңнен бір ақылды бала туған екен, ендігі қазақтың сүйеніштерінің бірі осы болғай да» деп дүйім ел сүйсінген еді. Міне, бүгін сол серпілген көңіл су сепкендей басылды. Қазақ халқының отаршылдарға қарсы қаһармандық күресін жазып (мысалы, «Қаһар» романын алайық) әрбір сүйем жер үшін сан боздақ құрбан болғанын, жерімізді еріксіз тартып алғандардың қанқұйлы әрекетін таңбалап кеткен суреткердің ұлы өз әкесінің аманат өсиетіне қиянат жасар деп кім ойлаған?

«Жер сатылсын» деп айқай көтергендер қазақтың қандай жерде тұрып жатқанынан хабары бар ма екен? Қазақтың ең сулы, шұрайлы жерлерін Ресей басқыншылары соңғы бірер ғасырда тартып алып, келімсектерге бөліп бергенін, жергілікті халық, негізінен алғанда, тіршілікке қолайсыз алқаптарға қуылғанын, ол жерлердің өзі түрлі әскери сынақтар алаңына айналып, әбден уланған, тозған азап мекені екенін кекірігі азған жас алпауыттар біле ме екен? Білсе, еліне жаны ашыса, қазақ жерін сатайық деуден бұрын қазақты өмір сүруге лайық жерге орналастырайық дер еді ғой. Дені дұрыс іскерлер болса, тұрмыс таршылығына ұшырап, қалт-құлт етіп күн кешіп отырған, тиісті айлығын да ала алмай, қолдағы малын сатып бітіруге, тентіреп кетуге жақын қалған жұртты ақырғы тірегінен айыруды көздер ме еді?

Халықты өзінің төл есімінен, тілінен, жерінен жұрдай еткісі келетіндердің дегені болмас. Күллі қазақтың да, адал ниетті барша қазақстандықтың да пікірі осыған келетініне сенімдіміз. Тағы бір көз жеткен нәрсе сол – бұдан былай жаппай дүбәра болып кетпеудің қамын ойлайтын кезеңге келгендейміз. Ойсыз еліктегіштіктен, жаман әдеттерді қабылдағыштықтан, өз негізімізді, дәстүрімізді аяқасты етуден бір ел озса, біз озған болар едік. Бірақ, ата-баба салтын, дін сенімін бұзғандықтан, бордай тоза жаздағанымызды енді түсіне алсақ та, кеш емес.

Рахманқұл БЕРДІБАЙ,
«Ел боламыз десек…»