22 қыр, 2016 сағат 10:23

Баланы қорғау – болашақты қолдау

Кеше Астанада өткен Орталық Азия елдерінің жабық мекемелеріндегі балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі үш күнге созылған халықаралық симпозиум жұмысын аяқтады. Үнқатысу алаңына айналған  шараға өмірлік қиын жағдайда қалған балаларға қатысты жазаны орындау, қамауда ұстау немесе уақытша оқшаулау мәселелерін зерттеп жүрген 200-ге тарта маман атсалысты.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық симпозиумға негізінен Қа­зақ­стан, Қырғызстан және Тә­жік­стан өкілдері келді. Соны­мен қатар, сарап­шылық қолдауды Жаңа Зелан­дия­ның, Норвегияның, Ұлыбри­танияның, Үндістанның, Гру­зияның және өзге де елдердің мемлекеттік органдары мен үкі­меттік емес ұйымдарының өкіл­дері көрсеткендігін де айта кеткен ләзім. Ұйымдастыру жұ­мыстарына Қазақстан Респуб­ликасындағы Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкіл, Қыр­­ғыз Республикасындағы Ай­кыйкатчы (Омбудсмен), Пар­ламент Мәжілісінің Заң­нама және сот-құқықтық реформа комитеті, Жоғарғы Сот, Бі­лім және ғылым министрлігі, БҰҰ-ның Қазақстанда және Қырғызстанда жұмыс жасайтын аумақтық органдары – Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы ұйытқы болды. Ал қаржылық қолдауды «Бас бостандығынан айыру орындарындағы бала­ла­рға қатысты зорлық-зом­бы­лықты түбегейлі жою» жобасы шеңберінде Еуропалық одақ көрсеткен.

Отырыста құттықтау сөз алған Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы Адам құқықтары жө­ніндегі уәкіл Асқар Шәкіров әлемдегі миграциялық процес­тер мен шиеленісті қақты­ғыс­тар балалар проблемасына ерек­ше көңіл бөлуді қажет ете­тін­дігіне, бұл тұрғыда Қазақ­станда  бірқатар іс-шаралардың атқарылып жатқандығына назар аудартты.

Нақты айтқанда, 2006 жылдан бері Білім және ғылым министрлігінде Балалар құқын қорғау жөніндегі комитет жұмыс істеуде. Бұдан басқа, елімізде Президент бастамасымен құрылған Балалар құқы жөніндегі уәкіл де бар.  Және де Парламент Мәжілісінің қа­рау­ында «Қазақстан Респуб­ли­касындағы кейбір заңна­малық актілерге балалар меке­мелері нысандарын мони­то­рингілеу тізімін кеңейту жөнін­дегі толықтырулар мен өз­герістер енгізу туралы» заң жобасы да жатыр. А.Шәкіров балалар құқығын қор­ғау мәсе­лесі қоғам назарын өзі­не ауда­руы қажет екендігін тілге тиек ете келіп, балалар мекемелері қыз­мет­керлерінің 40 пайызы бала­ларға күш көрсету орын ала­тындығын атап көрсеткендігін ортаға салды. Бұл келеңсіздік тек құқық қорғаушыларды ғана емес, сонымен қатар, жауапты министрлікті де қатты алаңдатып отыр, деді ол.

Ал Парламент Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров өз кезегінде балалар мәселесін шешуге арналған «Тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу туралы» және «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне балалар­ды қорғау жөнінде бірақа­тар өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» заңдар қабыл­данғандығын айтты. Соны­мен қатар, комитет төрағасы Мәжіліске балалар құқын қор­ғау ұйымдарының жұмысы ту­ралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістерді көздей­тін заң жобасы енгізіліп жатқан­дығын да жеткізді. Бұл ретте кә­мелет жасына жеткен­дерді пробациялау жүйесін то­лық­қанды құруды 2017 жылға дейін жүзеге асыру көзделуде екен.

Ал көршілес Қырғыз Рес­пуб­ликасындағы Айкыйкатчы (Омбудсмен) Кубат Оторбаев өз елінде 7 мың бала қорғау және қамқорлық көрсететін орындарда орналастырылғандығын, алайда, мектеп-интернаттарын аяқтағаннан кейін оларға баспана берілмейтіндіктен, қылмыстық топтардың қар­мағына ілігіп, заң бұзушылыққа барып жататындығын жеткізді. Сондықтан да балалар құ­қық­тарын қорғау тетігі әлі де жетілдіруді қажет етеді екен.

Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстанда ілгерілеушілік бар. Елімізде 2014 және 2015 жыл­­дары балаларға қатысты жа­салған зорлық-зомбылық фак­тілері айтарлықтай кеміген көрі­неді. 2014 жылы бұл көр­сет­кіш 55 пайыз болса, 2015 жы­­лы ол 17 пайызға дейін тө­мендеген.

Келесі сөзді алған Балалар құқы жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева Қа­зақстанда 5,5 миллион бала (еліміз тұрғындарының төрт­тен бір бөлігі) өмір сүріп жат­­қан­дығын ерекше атады. Жиыр­ма бес жылдың ішінде Қазақ­стан тарапынан адам құқық­тары жөніндегі 60-қа тарта ха­лықаралық құжат ратифика­цияланса, соның 15-і балалар құқығын қорғауға бағытталған.

Қорыта айтқанда, Бала­лардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық симпозиумда әртүрлі жабық мекеме­лердегі, сотқа дейінгі сатыда балалардың құқықтарын қор­ғау жайы кеңінен сөз болды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»