14 мау, 2022 сағат 06:48

"Банкоматта қазақ тілін таңдаймын". Якутиялық студент Қазақстандағы өмірі туралы айтты


Банкке, банкоматқа, терминалға барсам да қазақ тілін таңдаймын. Якутиядан келген студент қазақ тілін қалай үйренгенін және қазақтарға деген көзқарасын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Менің атым Дайаана. Жасым 22-де. Алматыдағы Suleyman Demirel University-нің 4 курсын тәмамдап жатырмын. Қазақ - өте қонақжай, адамгершілігі мол халық. Айтайын дегенім, қазақ тілі маған алғашында ән сияқты естілді, яғни түсініксіз көрінді, бірақ түркі тілі екенін бірден сезіндім. Мен якут тілін жақсы меңгергендіктен, әрі мамандығым тілге байланысты болғандықтан, біздің сөздер ұқсас екенін бірден түсіндім», – деді студент.

Оның айтуынша, көпшілік оны қазақ деп қабылдайды.

«Бірінші курстан бастап бәрі менен «сен қазақсың ба?» деп сұрайды. Тілді білу, оны сақтау өте маңызды деп ойлаймын. Банкке, банкоматқа, терминалға барсам да қазақ тілін таңдаймын. Неғұрлым көп адам таңдаса, жасанды интеллект бұл тілді танымал деп санайды және оны одан әрі дамытады. Ал Якутскіде якут тілінде сөйлеуге тырысамын», – дейді ол.

Сондай-ақ Дайаана қазақ тіліндегі «аманат» сөзінің өзіне қалай әсер еткенін айтып берді.

«Аманат – тіліміз, мәдениетіміз, жеріміз. Қазақстанға келген әрбір якут – аманат. Якутиядағы әрбір қазақ – бізге аманат, оны аман-есен туған еліне қайтару біздің парызымыз. Бұл өте керемет сөз және оның керемет мағынасы бар», – деп атап өтті Дайаана.

Сөз соңында ол қазақ тілін қалай үйренгенін айтты.

«Мен қазақ тілін оқулықтан үйренбедім. Үнемі музыка тыңдап, сатушылармен, такси жүргізушілерімен сөйлесу арқылы үйренген болатынмын. Қазақ тілін әлі де үйреніп, деңгейімді жетілдіргім келеді», – деді ол.