21 қыр, 2016 сағат 10:53

Бірлік пен біліктілік жарастығы

«KEGOC» ұйымдастырған халықаралық жарыста айшықталды

Макинск қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы персоналдың кәсіби шеберлігі ХІІІ халықаралық жарысының туы көтерілді. Мұнда алғашқы іріктеу сынақтарынан өткен командалар «110 кВ және одан жоғары кернеулі қосалқы стансалардың жабдықтарын жөндеу мен оларға қызмет көрсету» жөнінде төрт күн бойы өзара бәсеке көрігін қыздыратын болады.

Салтанатты шараны ТМД Электр энер­гетикалық кеңесі атқару коми­тетінің төр­ағасы, ұйымдастыру коми­тетінің төр­ағасы Евгений Мишук ашып, Ресей Феде­рациясы Энергетика министрі Александр Новактың құт­тық­тауын оқып берді.

«KEGOC» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев өз сөзінде энергетиканың ерекше сала екендігін, электр қуатынсыз өмір мен тіршілікті елестету мүмкін еместігін атап өтті. Бүгінгі күні жер жүзі мемлекеттері ин­но­вациялық және озық технология­ларды енгізуде. Олардың қатарында ТМД елдері де бар. Қазақстанда, дәл осы оқу-жаттығу полигонында екінші рет өт­кізіліп отырған халықаралық жарыс­тың маңыздылығы да осыдан көрі­неді. Бұл бірлік пен біліктіліктің ынты­мақты әрі тәлімдік байланысын нығай­та түсетіні айқын. «Сіздер жарыста шың­далып, тәжірибе алмасумен қатар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық табысты белесінен мағлұмат аласыздар, халқымыздың өнегелі салт-дәстүрлеріне қанығасыздар», – деді ол.

Дәстүрлі жарысқа қатысушы Бела­русь, Грузия, Ресей, Өзбекстан, Қазақ­стан командалары мен бақылаушы ре­тін­­де келіп отырған Қырғызстан, Тәжік­­стан, Украина мемлекеттері өкіл­­дері­­нің шеруінен кейін Қазақстан Респуб­ли­касының және ТМД электр-энер­ге­­ти­калық кеңесінің ту­лары көтеріл­­ді. Ұйымдастыру комитеті­нің төр­аға­сы Е.Мишукке полигон бас­шысы Ержан Ғосмановтың коман­да­лардың толық да­йын­дығы тура­лы баяндауынан кейін алты кезең­нен тұратын жарыс басталып кетті. Құрамын­да 17 төреші бар арнайы топқа қолданыстағы ережелер мен нұс­қау­лықты білу, қуат өткізу жаб­дық­тарға бақылау жүргізу дағдысы, 110 кВ жоғары вольттық герметикалық енді­рімге техникалық қызмет көрсету, «КРУН-10 кВ» сыртқы қондырғының ке­шен­ді тарату құрылғыларында өрт­ті сөндіру дағдылары, электр тоғы­нан зар­дап шегушіні босату және оған көмек көрсету (манекен мен реа­ни­ма­­ция­­лық жаттықтырғыш арқылы) шебер­­лігі бойынша 1000 балдық есеп­пен баға­лау міндеті жүктелген. Төре­шілер құра­мының молдығы және олардың тиісті ант қабылдауы жарыс­қа аса зор мән берілетінін аңғартады.

Жарыстың бірінші күні 5 команда жеребелік кесте бойынша 6 кезең­дік сайысты өз кезегімен атқарды. Біз­дің байқауымызша, жарыс жолына шыққан энергетика саласының мамандары кәсіби дайындығы жөнінен жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Бас төрешінің орынбасары Нұрбол Аппақовпен тілдескенімізде төмен­дегі­дей пікірлерімен бөлісті.

– Бүгін Беларусь командасы ком­пью­тер­лік класта теориялық білім, Қазақ­стан тепловизорлық (жаб­дықтардың жұмыс барысында қызуы) диагностика, Гру­зия жоғары кернеулі айырғыштар, Ресей жоға­ры кернеулі кіріс және Өзбек­стан өн­ді­рі­стік жағдайда өрт сөндіру ма­шық­­тарын көрсетті. Қазірше толық қоры­тын­ды жасау ертерек. Әйткенмен, қазақ­­стан­­дық жетекші инженер Қайрат Құлмағам­бетовтің, «Өзбекэнерго» АҚ электр слесарі Аскадхон Муминовтің, «Минс­кэнерго» қосалқы станса қыз­метінің шебері Александр Жибульдің, грузиялық «Теласи» АҚ монтері Алекси Шурганяның кәсіби біліктілігінің жо­ғары екендігі көрініп тұрды, – деді ол.

Қырғыз елінен келген бақылаушы Алек­­сей Бородин де жарыстың талапқа сай өтіп жатқандығын, халықаралық дең­­­гей­­дегі біліктілік сайысының жоға­ры дең­­­гейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Шара барысында халықаралық холдинг құрамындағы Рудный қаласында ор­на­ласқан «Қазақ электр-арматура зауы­ты» ЖШС, әлемге аты танымал «Карабелли» және «Сименс», KEGOC ком­­пания­ларының инновация­лық жаб­дық­тарының таныстырылым көрм­есі ұйым­дастырылды. Сондай-ақ мере­ке­лік си­пат­тағы жарыс аралы­ғын­да оған қа­тысу­­шылар Ақмола облыс­тық фи­­лар­­­мо­ния­сы мен Кенжебек Күміс­беков атын­­дағы қазақ халық аспаптары ор­кестрі­­нің концертіне куә болып, этно ауыл­дың ұлттық жабдықтарын тамашалады және қонақжай дастарқаннан дәм татты. Атшаптырым алқапта сәйгүлік­тер жарысы ұйымдастырылып, қыз қуу, теңге алу сияқты ұлттық өнеріміз көрсетілді.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы