15 мам, 2022 сағат 17:07

Британ барлаушылары: Ресей соғысқа жіберген солдаттарының үштен бірінен айырылды


Ұлыбританияның әскери барлау қызметі "Ресей Украинадағы соғысқа жіберген жаяу әскерінің шамамен үштен бірінен айырылды" деп санайды.

Бұл жөнінде Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің соғыс жайлы жариялаған кезекті хабарламасында айтылады. Ресей әскерінің осынша көп шығынға ұшырағаны жайлы мәлімет алғаш рет айтылып отыр, деп хабарлайды Азаттық.

Украина тарабының мәліметінше, Ресей 20 мыңнан астам солдатынан айырылған. Соғыс жағдайында мұндай мәліметтерді тексеру қиын. Ашық дереккөздерде қаза болған мыңдаған солдаттың аты-жөні анықталған.

Кремль Ресейдің "едәуір шығынға" ұшырағанын мойындаған. Елдің қорғаныс министрлігі соңғы рет қаза болғандар жайлы мәліметті наурыз айында жариялады. Ол кезде мыңнан астам солдаттың қаза болғаны айтылған. 

Ресей Украинаға басып кірмей тұрғанда шекараға 150 мың солдатын әкелгені хабарланған еді. 

Британ барлаушылары қазіргідей шығынмен және логистика мәселесімен Ресей Донбаста ірі шабуылға бара қоймайды деп санайды. Федерация әскері кейінгі айларда "ірі жетістікке" жеткен жоқ. 

Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Ресей әскері Донецк және Луганск облыстарында кейбір аудандарда шабуыл жасауын тоқтатпаған. Атап айтқанда, Лиман, Северодонецк, Авдеевка және Курахов елді мекендерін бақылауға алуға талпынып жатыр. Харьков облысы әкімшілігі жетекшісінің айтуынша, украин әскері Изюм бағытында контршабуылға көшкен. 

Осыған дейін украин әскерінің контршабуылы салдарынан Ресей күштері Харьков түбіндегі бірқатар елді мекендерден кеткен. Кейбір аумақта украин әскері орыстарды Ресей шекарасына дейін тықсырған. 

Ресей қорғаныс министрлігі кейінгі кезде орыс әскерінің қадамы жайлы мүлде хабарламайтын болған. Украина жағы да, бірқатар ресейлік сарапшылар да Ресей әскерінің Белогоровка түбіндегі Северский Донец өзеніне бақылау орнатуға тырысқан кезде көп адам шығынына батқанын хабарлады. Ресей қорғаныс министрлігі бұған ресми түсініктеме бермеді. 

Еске салайық, Ресей Украинаға 24 ақпанда басып кірген. Орыс әскері соғыстың алғашқы күндері Херсон қаласы мен Украина оңтүстігіндегі бірқатар аумақты, Луганск облысын бақылауға алып, "ірі жетістіктерге" жеткен. Кейін олар Украинаның солтүстігінен кетіп, қазір Харьков маңына шоғырланған. Ал Донбаста соғыс созылыңқы сипат алды.