27 шіл, 2021 сағат 22:29

Чепель Владимир: Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін ана тілімен бірдей үйрену керек



Өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді құрметтеп, қазақ тілін ана тілімен бірдей үйрену керек. «Жаңғыру жолы» өңірлік штабының мүшесі Чепель Владимир осылай деді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Алматы облысы Алакөл аудандық ішкі саясат бөлімі және Аналар кеңесі Алакөлде «Ассамблея – татулық пен бірліктің тұғыры» тақырыбында кездесу өткізді. Оған аудан және ауылдық округ тұрғындары қатысқан шараға Жаңғыру жолы» өңірлік штабының мүшесі Чепель Владимир қатысты.

«Алматы облысы түрлі ұлт өкілдері ең көп шоғырланған аймақтың бірі екенін баршаңыз білесіздер. Сол себепті де кез келген жерде кез келген уақытта ұлтаралық татулық, берік достық пен береке-бірліктің болуы маңызды. Сонымен қатар, бір шаңырақ астында өмір сүріп отырған өзге ұлт өкілдері қазақ тілін ана тілімен бірдей үйрену керек. Бұл мемлекеттік тілді құрметтеумен қатар, мемлекеттік қызмет атқаруға мүмкіндік береді», - деді Жаңғыру жолы» өңірлік штабының мүшесі Чепель Владимир.

Чепель Владимирдің айтуынша, өзі де мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді жетік меңгергені үшін жолы болған көрінеді. Жастайынан қазақ тіліне құмар болған ол барлық уақытта осы тілді меңгеруге арнайы уақыт бөлген. Нәтижесі, міне, бүгінде мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сауатты жазады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте де өсуіне талай жолдар ашыла түскен.

Жиында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсебаева Ұлжалғас Бурасанқызы татулық пен береке-бірліктің айнымас қағидасы жайлы, мемлекеттік тіліміздің қадір-қасиеті туралы ой толғады.

«Қазақ тілі – мемлекеттік тіл ғана емес, ол қаншама ұлттың басын бір шаңырақ астына біріктіріп отырған қазақ деген ұлы халықтың ана тілі. Сондықтан да бұл тілге деген құрмет қана емес, аса абыройлы мәртебе де керек екені даусыз. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің дәрежесі туралы көп айтылады. Қазақ тілінде қызмет алуын талап ететін тұрғындардың да саны артты. Қарапайым ғана мысалы, жұртшылықтың банкоматтан қазақ тілін таңдау керек деп насихаттап жүргеніне талай жылдар болды. Және ол нәтижесіз де емес. Қазақ тілі шұрайлы тіл, әдебиеті өте бай. Зер қалып қараған адамға нағыз ғылым тілі екені анық. Сондықтан да Қазақстан Республикасында өмір сүріп отырған кез келген ұлт өкілінен ұлы халықтың ұлы тіліне құрметпен қарауды сұраймын», - деді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Дүйсебаева.

Кез келген жерде дұрыс саясаттың жүргізілуі сол жердің ішкі саясатына байланысты. Осы орайда Алакөл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейбіт Аитахметов ел ішінде татулық пен бірліктің бірқалыпты болуы үшін аталған бөлімнің мамандары үздіксіз жұмыс істеп отырғанын алға тартты.

«Ішкі саясат бөлімінің жұмыстары оңай емес. Қаншама ұлттың тату-тәтті өмір сүруі үшін қаншама мамандар жұмыс істеп отыр. Алматы облысында қаншама ұлт өкілдері тұрады және олар мемлекеттің біртұтастығы үшін әрқайсысы да жеке-жеке үлес қосып отыр. Ішкі жағдайды бірқалыпты қалыптастыруға ел тұрғындарының да қосып отырған үлесі зор. Айтулы мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында бүгінде Алматы облысындағы жағдай тұрақты деп білемін. Осы орайда аймақтың тұрғындары мен мамандарына зор алғысымызды білдіргіміз келеді», - деді Алакөл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейбіт Аитахметов.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы Алакөл аудандық ішкі саясат бөлімі және Аналар кеңесі Алакөлде «Ассамблея – татулық пен бірліктің тұғыры» тақырыбында кездесу өткізді. Оған аудан және ауылдық округ тұрғындары қатысқан шараға Жаңғыру жолы» өңірлік штабының мүшесі Чепель Владимир қатысты. Сонымен қатар, жиында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсебаева Ұлжалғас Бурасанқызы татулық пен береке-бірліктің айнымас қағидасы жайлы, Алакөл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейбіт Аитахметов ел ішінде татулық пен бірліктің бірқалыпты болуы туралы баяндады.