25 мам, 2021 сағат 08:35

ДДСҰ: Вакцина әділ бөлінсе, медицина қызметкерлері мен қарттарға түгел жетер еді


2021 жылы бес ай ішінде коронавирус жұқтыру және өлім жағдайлары 2020 жылға қарағанда көбірек тіркелген. COVID-19 пандемиясы әлем халқы үшін әлі де үлкен қауіп төндіреді. 

Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының ашылуында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры доктор Тедрос Гебрейесус мәлімдеді, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар орталығы

Ол вирустың таралуын әр елде бақылауға алғанға дейін пандемия аяқталмайтынын атап өтті. Қазір ешбір ел тұрғындарын вакциналау деңгейі қаншалықты жоғары болса да өзін коронавирусты жеңді деп санай алмайды. 

«Қазіргі вакцинация саласындағы дағдарыс – бұл пандемияны ұзартатын теңсіздіктің айқын көрінісі. Тек 10 елде барлық екпенің 75 пайыздан астамы жасалды», - деді доктор Тедрос. 

«Бұл идеяны ешқандай дипломатиялық формада ұстау мүмкін емес, вакциналардың көп бөлігін өндіретін және сатып алатын елдердің шағын тобы әлемнің қалған бөлігіндегі жағдайды бақылайды», – деп сөзін толықтырды ол. 

ДДСҰ басшысының айтуынша, осы күнге дейін жасалған екпелердің дозалары неғұрлым әділ бөлінген жағдайда әлемдегі барлық медицина қызметкерлері мен егде жастағы адамдарға жеткілікті болар еді. 

Доктор Тедрос бүгінгі таңда COVAX бастамасы аясында 125 елге 72 миллион вакцина дозасын жеткізуге болатынын еске салды. 

«Бұл олардың халқының бір пайызын вакциналауға әрең жетеді», - деді ол. 

ДДСҰ басшысы дамыған елдерді препараттарды кедей мемлекеттермен, соның ішінде COVAX арқылы бөлісуге шақырды. 

Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық қоғамдастықтың алдына қойған мақсаттары туралы айтты. Биылғы жылдың қыркүйегіне қарай әр ел халқының кемінде 10 пайызын және жылдың соңына қарай 30 пайызын вакциналау. 

«Бұл өлім жағдайлары мен аурудың ауыр түрінің алдын алады, медицина қызметкерлерін қорғайды және экономика мен қоғамдық өмірді қайта бастайды», – деді доктор Тедрос.