Фото: Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы жыл сайын еліміздегі қалалардың бірін «кітап астанасы» ретінде таңдап отыру керек деп есептейді. Оның пікірінше бұл өңірлерде кітаптың құндылығын арттыруға, әдебиеттің рөлін көрсетуге, авторлық құқықты қорғауға, ақын-жазушыларға құрмет көрсетуді жүйелі түрде жолға қоюға көмектеседі. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
Депутат мұндай тәжірибе әлемде бар екенін айтады. Оның сөзінше 1996 жылдың 23 сәуірінен бастап ЮНЕСКО Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл бастаманың сәттілігінің нәтижесінде, 2001 жылы Мадрид қаласы «Дүниежүзілік кітап астанасы» болып таңдалды.
Кейін бұл тәжірибе оң бағаланып, ЮНЕСКО Бас конференциясы «Дүниежүзілік кітап астанасын» жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналдыру туралы тарихи шешім қабылдады. Нәтижесінде, «кітап әлемінің жүрегі» жыл сайын әр түрлі қалаға қоныс аударып, білім мен мәдениеттің, әдебиет пен өнердің орталығына айналды.
Содан бері әлемнің көптеген қаласы осы мәртебелі миссияны абыроймен атқарып келеді. 2002 жылы Мысырдың білім ордасы Александрия, 2003 жылы Үндістанның саяси астанасы Нью-Делиі, 2004 жылы Бельгияның кітап орталығы Антверпен, 2005 жылы Канаданың мәдениет астанасы Монреаль атаулы шараны қабылдады. Бұл тізім әр жыл сайын жаңа қаламен толығып, кітап әлемінің алуан түрлілігін паш етуде.
Биыл бұл құрметті миссия Бразилияның Рио-де-Жанейросына сеніп тапсырылды. Дүниежүзілік кітап астанасы – бұл тек мерекелік шара емес, бұл – кітаптың біздің өміріміздегі маңыздылығын еске салатын, білімге ұмтылуға шақыратын, мәдениеттер арасындағы алтын көпірді нығайтатын және әдебиеттің құдіретіне бас иетін маңызды бастама, масштабты жоба.
"Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, елімізде де осындай оң тәжірибені қалыптастырудың маңызы зор деп санаймын. Осыған байланысты, жыл сайын еліміздегі қалалардың бірін «кітап астанасы» ретінде таңдап, өңірлерде кітаптың құндылығын арттыруға, әдебиеттің рөлін көрсетуге, авторлық құқықты қорғауға, ақын-жазушыларға құрмет көрсетуді жүйелі түрде жолға қою қажет деп есептеймін.
«Кітап астанасы» эстафетасын Ұлттық кітап күнімен үйлестіре отырып, ауқымды рухани-мәдени бастамаларды, түрлі деңгейдегі байқауларды ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар. Бұл бастама Ұлттық кітап оқу күні мерекесінің философиясымен толықтай үндес және өзара сабақтас болып табылады, әрі Президент тапсырғандай, атаулы күннің мән-маңызын айтарлықтай арттыра түсері сөзсіз", - дейді депутат Ж. Амантайұлы.
Депутат ұсынысын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е Көшербаевқа жолдады:
- 1. Республикалық деңгейде жыл сайын бір қаланы «Қазақстанның кітап астанасы» ретінде бекіту мүмкіндігін қарастыру.
- 2. «Қазақстанның кітап астанасы» мәртебесін иеленген қалада бір жыл бойы кітап оқуды дәріптеуге, әдебиетті дамытуға, авторлық құқықты қорғауға және мәдениетті қолдауға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеу.
- 3. «Қазақстанның кітап астанасы» жобасын Ұлттық кітап күнімен үйлестіру және осы екі бастаманың өзара тиімділігін арттыру механизмдерін қарастыру.
- 4. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Қазақстанның кітап астанасы» жобасын іске асыруға қажетті қаржылық және ұйымдастырушылық қолдау көрсету мәселесін қарастыру.