30 жел, 2022 сағат 15:56

Диана Тәшімбетова "Әлем аруы Қазақстан-2022" атағынан айырылды

Фото: Instagram/diana.tashii

"Қазақстан аруы" ұлттық сұлулық байқауының ұйымдастыру комитеті "Әлем аруы Қазақстан-2022" атағының жеңімпазы Диана Тәшімбетованың мәлімдемесіне қатысты түсінік берді. Ұлттық сұлулық байқауының ұйымдастыру комитеті мәліметінше, Тәшімбетова "Әлем аруы-2022" атағынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Оған себеп Тәшімбетованың байқауды және оның қатысушыларын қаралауды көздеп, жалаға толы пост пен тікелей эфирдің жариялануына байланысты болған.

"Диананың сөздері тек ұйымдастыру комитетінің мүшелері мен оның серіктестерін емес, сонымен қатар, байқаудың басқа қатысушыларын да негізсіз қаралауды көздейді. Біз бұл басқаларға деген үлкен құрметсіздік және басқалардың еңбегінің құнсыздануы деп санаймыз. Қарапайым қыздардың танымал болуын қамтамасыз ету үшін жұмыс жасай отырып, ұйымдастыру комитеті үлкен іс атқарып қана қоймайды, сонымен қатар, басқа мүшелер мен серіктестер алдында толық жауапкершілікті өз мойнына алады", - делінген хабарламада.

Ұлттық сұлулық байқауының ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, финалдық шоуға, пиар-компанияға, Диана Тәшімбетованы байқауға қатысуға дайындауға және оның имиджін дамытуға орасан зор қаражат пен күш жұмсалған, ал оның көрсеткен құрметсіздігі мұндай адамның еліміздің "аруы" атағына лайық емес екенін көрсетеді.

"Байқауды ұйымдастыру комитеті қолдауларыңызға алғыс білдіреді және байқауға қатысушыларды бір-бірін құрметтеуге, өз сөздеріне жауапкершілікпен қарауға және компания дирекциясына түсіністікпен қарауға шақырады", - делінген хабарламада.

Еске салайық, "Қазақстан Аруы - 2022" байқауының финалисі Диана Тәшімбетова байқау ұйымдастырушылары оның "Әлем аруы" байқауына қатысуын қаржыландырудан бас тартты деп мәлімдеген болатын. Ол бұл байқауға 2023 жылдың қаңтарында баруы керек болған.