15 қаз, 2022 сағат 18:04

Елдің тұтасатын жері – бірлік пен татулық


Әлемдегі болып жатқан жағдайларды көріп, естіп, шошисың. Осындайда қарапайым халық зәбір көріп, жапа шекпеуі үшін тірлік еткен жөн деп ойлайсың. Бір ғана Ресейдің өзі еліміздің ахуалына әсер етіп отыр. Біріншіден, бұл – тарихи өзгеріс, тарихи жағдай, тарихи арпалыс. Қай заманда да, қай кезде де осындай жағдай болып тұрған. Ресейліктердің жаппай бізге келіп жатқанындай, Кеңес үкіметі тұсында  біз де шұбырып басқа елге бардық. Әрине, ұлт жанашыры ретінде бұл әрекет маған ұнамауы мүмкін. Бірақ адами тұрғыда алсақ, орыстарды біз бірінші рет көріп тұрғанымыз жоқ. Олармен бірге келе жатқанымызға қаншама ғасырдың жүзі болды. Қазір басты мәселе ел амандығы, жұрттың тыныштығы керек.

Өнер адамы ретінде бірдеңені кесіп-пішіп айту оңай емес. Шынын айтсақ, ештеңеге көзім жетіп отырған жоқ. Екі ойлымын. Қазір қоғамның өзі екі айырылып отырғандай. Алайда біз елдің қауіпсіздігін ойлауымыз тиіс. Олардың тұтасатын жері – татулық, ауызбіршілік. Бүгінде діндердің бітімгерлік әлеуетін пайдаланып, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін рухани көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру қажет.

Ал барлық діннің негізінде гуманистік идеалдар, адам өмірінің жоғары құндылықтары, бейбітшілік пен жасампаздыққа ұмтылу сияқты ізгі амалдар жатады. Соның бір ізі – соңғы кезде елімізге Рим Папасының келуі, Діндер съезі мен кешегі саммиттің өтуі. Сонда Рим Папасы Франциск қазақтың ұлы философы Абайдың ойларын мысалға келтіре отырып,  «адам мәңгілік емес. Сондықтан біз экономикалық сұраныстарды қанағаттандыру үшін ғана емес, рухани дүниені байытумен де айналысуымыз керек. Әлемдегі адамдарды рухани қасиеттер біріктірсе ғана әлемде бірлік орнайды» деген. 

Егер шекара бүтіп, сырттан шабуыл жасалмаса, төрт құбыламыз түгел болады. Мемлекет басшысының «Біздің Тәуелсіздігіміз бәрінен қымбат» дегені тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтау керегін меңзегені. Сондықтан еліміздің тұтастықты сақтайық. Біле білсек, халықтың амандығы мен тыныштығынан асқан бақыт жоқ. 

Елмұра Жаңабергенова,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші