16 мау, 2022 сағат 18:51

"Еліміздің жарқын болашағы үшін аянып қалмауға тырысамыз" - Талғат Қалиев


Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтайдың маңыздылығы мен алдағы жоспарлары жөнінде құрылтай мүшелері пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz порталы.

"Ұлттық құрылтай өте жақсы бастама. Керемет өтті деп ойлаймын, өйткені мәселелер жағынан емес, Қазақстанның болашақ бағыты жағынан әңгімелер қозғалды. Елдің құндылықтары жөнінде және қазақстандықтарды қалай еңбекке тарту туралы сөз тарқатты. Отандық спорт пен халықтың денсаулығына қатысты маңызды факторларды естен шығармады. Сонымен қатар, бүгінгі Ұлттық құрылтайда ұлтаралық жағынан, этносаралық жағынан ауқымды тақырыптарды көтерді. Көтерілген тақырыптар бойынша Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайдың төрағасы ретінде барлығын назарда ұстайтынын атап өтті. Біз еліміздің жарқын болашағы үшін қолдан келгенше аянып қалмауға тырысамыз", - дейді қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев.

Ал биологиялық ғылымдар докторы, профессор Күнсұлу Закарьяның айтуынша, Жаңа Қазақстанның болашағы жарқын, бағыты айқын. Ғалымның қазақ елінің атын асқақтатар білімді, саналы ұрпақ шығатынына сенімі мол.

"Құрылтайдың мүшесі ретінде үлкен жауапкершілік арқаладым. Ұлттық Құрылтайда елді толғандыратын ой-пікірлер айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал еңбекпен жұмыс жасау, жастарды еңбекке баулу туралы айтқан пікірі көңілімізді марқайтты. Шынымен де, еңбекке құштар ұрпақ қана туған Отанын алпауыт елдердің қатарына қоса алады", – деді ол жиыннан соң.