15 жел, 2022 сағат 15:20

Энергия тапшылығы: Үш аймақта «апаттық» режим жарияланды

Фото: yandex.ru

Қазақстанның энергетикалық жүйесінің Солтүстік, Оңтүстік және Батыс аймақтарында электр энергиясын тұтынуға шектеулер енгізіліп, апаттық режимі жарияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" KEGOC баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Желтоқсан айында Қазақстанның Біртұтас электр энергетикасы жүйесінде (БЭЖ) энергия тұтыну көлемінің айтарлықтай өсуі байқалады.

Мәселен, 2022 жылғы 7 желтоқсанда қазақстандық энергожүйенің тарихындағы тұтынудың ең жоғары көрсеткіші  – 16 459 МВт тіркелді, бұл ретте еліміздегі электрстанцияларының жиынтық генерациясы тек 15 203 МВт құрады. Тапшылық Ресей энергожүйесінен келген жоспардан тыс қуат ағыны есебінен жабылып отырды.

Осындай жоғары жүктемелер кезінде «KEGOC» АҚ пайдаланатын Ұлттық электр торабы штаттық режимде сенімді жұмыс істеді" - делінген хабарламада.

Электр энергиясы мен қуатқа деген қажеттілікті жабу үшін генерацияның жүйелі жетіспеушілігі ҚР электр станцияларында жиі қайталанатын апаттық және жоспардан тыс жөндеу салдарынан туындап отыр.

"Елеулі теңгерімсіздік жағдайында жүйелік оператор Қазақстан БЭЖ-нің сенімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың электр энергиясын тұтынуына шектеу енгізе отырып, қазақстандық энергожүйенің Солтүстік, Оңтүстік, сондай-ақ Батыс аймағы бойынша «апаттық» режимін жариялауға мәжбүр.

Бұл ретте жүйелік оператор халықтың электр энергиясына қажеттілігін толық қамтамасыз етуге басымдық береді" - делінген ресми хабарламада.