29 қаң, 2024 сағат 13:39

Есірткі бизнесіне тартылатын жасөспірімдер көбейіп барады – ІІМ

Көрнекі фото: Polisia.kz

Өткен жылы синтетикалық есірткіні таратқаны үшін 40-тан астам жасөспірім және кәмелетке толмағандар ұсталды. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Қазір біз виртуалдық кеңістікпен және қашықтықта қарым-қатынас жасаумен тығыз байланысты өзіндік жастар субъективтік мәдениетімен бетпе-бет келдік. Есірткі заттарын сатуда интернет-дүкендердің иелері де осы жағдайды пайдаланады. Есірткі бизнесіне тартылатын жасөспірімдер саны көбейіп келеді. Мұндағы жағдай көңіл көншітпейді және өкінішке қарай теріс үрдіске әкеп соқтырады. Тек өткен жылы синтетикалық есірткіні таратқаны үшін 40-тан астам жасөспірім және кәмелетке толмағандар ұсталды. Осы айдың өзінде 4 кәмелетке толмаған бала қолға түсті. Күні кеше ғана жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Ақтөбе қаласында орта мектептің 9 сынып оқушысы ұсталды. Тінту жүргізу кезінде кеудешесінің қалтасында жалпы көлемі 48 дана түйіншек табылды», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.

Оның атап өтуінше, елімізде есірткіні сатқаны үшін 14 жасынан бастап қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

«Мұндай жауапкершілік шараларын қабылдау бәрінен бұрын осы балалардың ата-аналары, олардың туысқандары мен заңды қорғаушылары тарапынан қоғамдық резонанс туғызатыны айтпаса да түсінікті. Біз олармен тығыз байланыстамыз. Тіпті Мәжіліс депутаттарының қатысуымен Парламент қабырғасында да кездесулер өткіземіз, әңгімелесеміз, кеңестер береміз», - деді Бақытжан Әмірханов.