25 қар, 2016 сағат 13:11

Ғаламдық проблемаларды шешуде ҮЕҰ ерекше рөл атқарады

Бүгін Астанада VII Қазақстанның Азаматтық форумы өтті. Бұл қоғамдық ұйымдар мен билік өкілдерінің арасында өзара ықпалдастық пен іс-қимыл жүргізу үшін құрылған ерекше сұқбат алаңы. Делегаттар кездесуі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ҚР Ұлттық Музейінде өтті.

Форумға республикалық және өңірлік ҮЕҰ өкілдері, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар және БАҚ өкілдері қатысты.

«Азаматтық қоғам дамуының жағдайы және перспективалары» тақырыбында өткен форумның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Талқылау барысында вице-премьер үкіметтік емес ұйымдардың елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өміріндегі жасампаз рөлінің маңызын ерекше атап өтті.

«Азаматтық форум дегеніміздің өзі – бір ұжымның, я бір ұйымның күнделікті өтетін жиналысы емес, пікір-таласы қайнаған, әлеуметтің айнасын айшықтап, осыған орай ұсыныс-тілегін дайындаған нағыз ойлы да орамды орта. Оның қоғамға берер құндылығы да, мемлекетке керек шындығы да, міне, осында. Сөз жоқ, осында отырған көпшілігіңіздің ел дамуында қаншалықты үлестеріңіз мол болса, Тәуелсіздігіміз бен Елбасының да Өздеріңіз тасын «өрге домалатып жүрген» үкіметтік емес ұйымдардың өсіп-өркендеуінде рөлі талассыз» - деді өз сөзінде Иманғали Тасмағамбетов.

Вице-премьер атап өткендей, бүгінгі таңда Қазақстанда 18 мыңнан аса қоғамдық ұйымдар тіркелген, оның ішінде 8 мың үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс жасайды. Азаматтық секторда 30 мың адам жұмыспен қамтылған. Негізінен бұл жастар саясаты мен балалар бастамасы, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын қолдау, білім және ғылым, спорт және дене тәрбиесі, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың өмірі мен құқықтарын қорғау саласындағы қызметтер.

Форум барысында үкіметтік емес ұйымдары жетістіктерін көрсететін көрме өтті. Онда Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюындағы қоғамдық бірлестіктердің қосқан үлесі таныстырылып, форум делегаттары министрліктер мен ведомстволардың басшыларымен кездесті. Сондай-ақ, Республикалық «Таным» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Еске сала кетейік, осынау форум қарсаңында Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында үкіметтік емес ұйымдардың өңірлік форумдары өтті. Оның барысында аймақтар алдында тұрған мәселелерді шешу жолдары талқыланып, ұсынымдар әзірленді және республикалық форумға қатысатын делегаттар сайланды.

Сонымен қатар, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ҮЕҰ-нан 25 бастама» Республикалық акциясы өтті. Яғни, әрбір өңірлік форум барысында ҮЕҰ өкілдері бірігіп аймақтың нақты бір проблемасын шешуге бағытталған жобаны жүзеге асыру бастамасын көтерді. Өңірлік 16 бастамамен қатар, 9 республикалық қоғамдық бірлестік әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған 9 бастама көтерді. Осылайша, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына ҮЕҰ-нан 25 бастама» Республикалық акциясы салтанатты түрде бастау алды.