27 қар, 2023 сағат 16:17

Газбен жүретін көліктерге арнайы белгі орнату міндеттеледі

Автор: Maitree Laipitaksin / depositphotos.com

Қазақстанда газ баллон жабдығы бар көлік иелері келесі жылдан бастап арнайы белгі орнатуға міндетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды жақсарту бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр.

Мәселен, Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2023 жылғы 24 қарашадағы бұйрығына сәйкес, ҚазСтандарт әзірлеген ҚР СТ 1412-2017 «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану қағидалары» ұлттық стандартына толықтырулар енгізілді. Өзгерістер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі" - делінген хабарламада.

Бұл стандарт міндетті норма болып табылады, өйткені ол Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысы қағидаларында сілтеме түрінде көрсетілген.

«Газға қайта жабдықтау үнемі барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілмейді. Өкінішке қарай, кейде мұндай көлік құралдары біздің азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты газға қайта жабдықталған көлік құралдарының жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Дәл осындай автомобильдерді сәйкестендіру және мұндай тыйымдарды әкімшілендіру үшін арнайы белгі енгізілді», - деп атап өтті Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Өзгеріс газ баллонды жабдығы бар автомобильдерге арнайы белгіні міндетті түрде орналастыруды көздейді. Ол қара түсті жиегі және «GAS» деген жазуы мен леп белгісі бар сары түсті теңбүйірлі үшбұрыш болып келеді. Бұл белгі жабық паркингтерге кірген кезде көлік оңай танылатындай етіп орнатылуға тиіс.

"Сонымен қатар жаңа нормалар газбен жүретін көліктерді жабық тұрақ аймақтарында тұраққа қоюды тиімді бақылауға және тыйым салуға мүмкіндік береді, бұл сайып келгенде азаматтардың жалпы қауіпсіздігіне ықпал етеді" - делінген ведомство хабарламасында.