06 қаз, 2025 сағат 17:02

«Ғылым мен технологияны дамытуды мемлекет жоспарлауы керек, жеке адамның қолынан келмейді»

Фото: Цукербергтің көршілері” подкастынан скриншот

Елдегі ғылымның дамуы бөлінген қаржыға байланысты деп есептейді АҚШ-та тұратын ғалым Манат Мәуленбай. Қытай мен Швейцарияда ғылыммен айналысқан М. Мәуленбай “Цукербергтің көршілері” youtobe каналына берген сұхбатында Қазақстан экономикасын дамытуға қатысты да өз пікірін айтыпты. Ult.kz тілшісі ғалымның сұхбатынан үзінді береді.

Манат Мәуленбай Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып, 25 жасында Қытай ғылым академиясында жұмыс істеген, әлемнің ең мықты ядролық физиктерінің басы қосылған Швейцариядағы ЦЕРН орталығында квант физикасынан PhD қорғаған, содан кейін АҚШ-қа келіп, ғылыми медицина саласында отыз жыл жұмыс істеп, әріптестерімен бірге өкпенің қатерлі ісігін бірнеше миллиметр түйін кезінде көре алатын құрылғы ойлап тапқан қазақ.

Ғалым Қытай, Швейцария, АҚШ сияқты дамыған елдердің ғылым-біліміндегі жетістігі қаржының көп құйылуынан, ғылымға көп көңіл бөлінуінен дейді.

“Кей біреулер қытайлар зерек, ағылшындар мен еурейлердің милары мықты жұмыс істейді, ал қазақтар май көп жеп, милары жақсы істемей қалған деп айтып жатады. Оның бәрі бекер айтылған сөз. Биологияда да айтады, адамның миы негізінен ұқсас. Бұл жерде қанша қаржы саласың, қанша көңіл бөлесің, сонша нәтиже шығады. Ал енді Қазақстан қалай десек, Қазақстанның экономикалық күшіне байланысты. Ғылымды, технологияны неге дамытпады деп сынай беруге бе болмайды. Шамаң сондай. “Көрпеңе қарай көсіл” дейді. Бірақ бір айта кететін нәрсе, ғылым, технология қанша дәрежеде дамиды, елдің жағдайы, күші де бірге байланысты”, дейді Манат Мәуленбай.


Ғалым әсіресе технологиясына күш салып, дамытып жіберген елдер деп Қытай мен АҚШ-тан бөлек, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур, Израиль елдерін атады.

“Ал Қазақстанмен салыстырып қарайтын болсақ, жаңадан бөлініп шыққан (Совет үкіметінен, ред.) Латвия, Польша, Чехия өте дамып кетті. Жыл сайын Чикагода диагноз аспаптары бойынша үлкен жиындар болады. Мен ол жиынға барып жүргеніме 30 жылдай болды. Бұрын онда негізінен Жапон, Батыс елдерінің машиналары менмұндалап тұратын. Ал қазір, бертінгі жылдарды қарасаң Қытай компаниясы алдыға шыққан. Ал кішкентай елдер шағын жәрмеңкелерін өткізеді. Польшадан келдік, Литвадан келдік деп жатады. Яғни олар да дамып жатыр. Ғылым мен технологияны дамытуды мемлекет жоспарлауы керек, жеке адамның қолынан келмейді”, дейді ол.


Ғалым Қазақстанның өз ерекшелігіне қарай даму бағытын алғаны жөн деп санайды.

“Қазақстанның ерекшелігі не десеңіз, жер байлығы. Жер асты қазба байлығы, мұнай, уран және басқасынан бөлек, жер бетіндегі мүмкіндіктері бар. Қазақстанның бидайы дүниежүзі бойынша ең атақты. Неге десеңіз, жері тың. Мұндай жері тың ел аз. Мысалы Қытайда жердің құнары неше мың жылда кетіп қалған. Бір тонна бидайды сату мен бір тонна прәндік сатсаңыз екеуінің кіріс пайдасы қандай?” деп отыр Мәуленбай.


Оның пікірінше барлық технологияны игеремін деген елдің, күші қалмайды, сондықтан еліміз өз артықшылығына мән беріп, өндіру мен өңдеуді дамытқан жөн.

“Егер сен аяқ киім немесе көйлек тігемін десең, Қытай, Вьетнам мен Бангладешпен бәсекелесуге тура келеді, ал электроника, компьютер жасауда да шамаң келмейді. Мен баяғыда Алматыда innovation hub дегенге барып, бір кісілер pcb board жасап жатырмыз деді. Мен pcb-ге уақыт пен ақша жұмсап не қыласың? Сенің бидайың, жер астынан шығып жатқан сирек металдарың бар. Қазба байлығыңды технологиямен жаратсаң, оны ешкім сенен ұрлап кете алмайды. Ал сен терің мен қаржыңды төгіп бірдеңе шығарсаң, ертеңінде Қытай не Вьетнам сенен он есе арзан қылып базарға әкеліп сатады. ” дейді ғалым.