Фото: gov.kz
Қызылордада 16 жастағы студент жатақханадан өлі табылды. Оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын облыстық полиция департаменті хабарлады.
Telegram желісіндегі «Криминальный Казахстан» арнасының мәліметінше, марқұмның туыстары оны жоғары курс студенттері соққыға жыққан болуы мүмкін деп күдіктенеді. Жақындарының айтуынша, үшінші курс студенттерінің бір тобы кәмелетке толмаған жасөспірімге күш қолданған, кейін оқиғаны жасыруға әрекет жасаған.
Марқұмның әпкесі жасөспірімнің денесінде жарақат іздері болғанын, оны дәліз арқылы сүйреп, кейін бөлмеге жасырғанын айтқан.
Ал әкесінің айтуынша, төменгі курс студенттері жатақханадағы спорт залына жиі шақырылып, қысым көріп отырған.
Қайтыс болған студенттің туыстары оқиғаға қатысы бар тұлғалармен қатар, жатақханадағы қауіпсіздікке жауапты қызметкерлердің де жауапкершілігін тексеруді талап етіп отыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
