15 мау, 2021 сағат 20:08

Halyk Bank eGov mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисіне көшті


Бұдан былай Halyk Bank клиенттеріне банк бөлімшелерінде қаржылық қызметтерді алу үшін жеке басты куәландыратын құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ. Себебі, аталған банк eGov mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисіне көшті, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Белгілі болғанындай, мұндай цифрлы жаңалық пен мүмкіндікті ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ы Халық банкімен бірлесіп іске асырған. 

«Halyk Bank клиенттеріне барлық жағымды жаңалық пен жақсы мүмкіндіктерді ұсынуға асықпыз. Бұдан былай біздің банк клиенттеріне eGov mobile-да алынған цифрлық жеке куәліктің бірегей кодын жазу жеткілікті болады. Банк менеджері өзінің базасына бірегей кодты енгізеді және жүйе клиенттің жеке басын куәландыратын құжатты автоматты түрде жүктейді», - дейді банк өкілі Досбол Арыстанбеков.

Ескерте кетейік, бұл әрекеттер клиентті сәйкестендіру механизмі жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тұлғалар тарапынан ықтимал алаяқтық әрекеттерді болдырмайды.

Цифрлық куәлікті пайдаланып банк бөлімшесінде қызмет алу үшін:

  • eGov mobile қосымшасында авторизациядан өтіңіз;
  • «Сервистер» бөлімінде «Цифрлық құжаттарды» таңдаңыз;
  • жеке куәлігіңізге басыңыз;
  • құжатқа қолжетімділікті ашып;
  • менеджерге экрандағы алты таңбалы қысқа кодты айтыңыз.

Код автоматты түрде құрастырылады және ешқашан қайталанбайды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Цифрлық құжаттар сервисінде 15 құжат ұсынылған: ҚР азаматының жеке куәлігі, некені тіркеу немесе бұзу туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік, жүргізуші куәлігі, техпаспорт, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, диплом, зейнеткер куәлігі, қандас куәлігі, студенттік билет, ПТР-тест нәтижелері, вакцинация паспорты және әлеуметтік ID.

Сондай-ақ, қазақстандықтар цифрлық құжаттарды пайдалана отырып, Kaspi.kz және нотариустар қызметін ала алады.

Айта кетейік, цифрлық құжаттарды нотариустарда да пайдалануға болады. Цифрлық құжаттарға қолжетімділік «Е-нотариат» сервисімен интеграциялау арқылы қамтамасыз етілді. Ал интернетке қолжетімділік толық немесе ішінара болмаған жағдайда қызметті офлайн режимде де алуға болады.

Қазіргі уақытта «eGov mobile» қосымшасында 1 миллионнан астам пайдаланушы бар екен. 2021 жылдың 5 айында 28 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның шамамен 20 пайызы «eGov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы ұсынылған. Смартфонда қызметтерді алу қажеттілігін түсініп, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ да мобильді қосымша арқылы алынатын мемлекеттік қызметтерді дамытуға ниет танытып отыр. 

Аталған оператордың басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, 1 миллионнан астам азамат «eGov mobile» қосымшасының белсенді пайдаланушысы болып табылады. 

«15 цифрлық құжат іске асырылды. Соңғы кейстердің бірі – 250 мыңнан астам азамат қолданған «вакцинация паспорты». Қазіргі кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарында, теміржол тасымалдары кезінде цифрлық құжаттар қабылдануда, әуе тасымалдар бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Маусым айында 5 әуежайда және басқа авиакомпанияларда қамтуды кеңейту жоспарлануда. «Ashyq» қосымшасы бойынша «ҰАТ» АҚ инфрақұрылымына көшу аясында функционалдың бір бөлігі заманауи тілге көшірілді, оркестрлеу, кластерлеу және серверлік жабдықтау құралдары енгізілді. Осы сияқты жұмыстар денсаулық сақтау министрлігімен де жүргізілді, өйткені азаматтардың ПТР-тестілерінің нәтижелері министрлікте және сол жерден көрсетіліп, тартылып жатыр» деді спикер.

Сонымен қатар, цифрлық құжаттардың көмегімен ХҚКО-да мемлекеттік қызметтерді алуға, жеке куәлігін көрсетіп, әуежайда тіркеуден өтуге және теміржол вокзалында пойызға отырғызу кезінде көрсетуге болады.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан былай Halyk Bank клиенттеріне банк бөлімшелерінде қаржылық қызметтерді алу үшін жеке басты куәландыратын құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ. Себебі, аталған банк eGov mobile қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисіне көшті.

Белгілі болғанындай, мұндай цифрлы жаңалық пен мүмкіндікті ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ы Халық банкімен бірлесіп іске асырған.