01 қаз, 2022 сағат 17:41

Илон Маск адам тәрізді Optimus роботын ұсынды

Tesla

Илон Маск адам тәрізді Optimus роботын ұсынды. Оның құны 20 000 доллардан аспайтыны мәлім болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Guardian басылымына сілтеме жасап.

Tesla компаниясының негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адам осындай миллиондаған роботты шығара алатынын айтты.

"Біздің мақсатымыз - пайдалы адам тәрізді роботты мүмкіндігінше жылдам жасау. Optimus-ты жақсарту және оны дәлелдеу үшін әлі көп жұмыс істеу керек", - деді Маск Калифорниядағы Пало-Альто қаласындағы Tesla кеңсесінде өткен шарада.

Ақпанда әзірленген прототип үлгісі көрермендер алдында қол бұлғап, билеу үшін сахнаға шықты. Tesla роботтың Калифорниядағы өндірістік станцияда өсімдіктерді суару, жәшіктерді тасымалдау және темір торларды көтеру сияқты қарапайым тапсырмаларды орындағаны туралы бейнені көрсетті.

Маск болашақта роботтарды үйде қолдануға, түскі ас дайындауға, көгал шабуға және қарт адамдарға күтім жасауға, тіпті адамдар үшін "дос" немесе жыныстық серіктес бола алатынын айтты.