Фото: Ult.kz
Шымкентте Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында рухани кеш өтті. Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы Қайырғали Медетті еске алып, оның екі кітабының тұсаукесері жасалды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаламгердің «Өмірімнің өзегі» және «Шалқалап туған ай» кітаптары көзі тірісінде жазып, алайда баспаға жетпеген. Оның жары мен балалары осы кітапты жарыққа шығарып, оның еңбегін, азаматтық тұлғасын, рухани мұрасын тағы бір мәрте саралады. Аталған шараға бір топ қаламгерлер мен журналистер, әдебиет сүйер қауым жиналды.
«Бүгінгі әдеби басқосуға Қайырғалидың қаламдастары, курстастары, әріптестері мен шәкірттері қатысып отыр. Сонау алыстан, жан-жақтан келген туған-туыс, құда-жекжат та осында. Өзі соңғы жылдары ауырып жүрсе де, қаламын қолынан тастаған жоқ. Барлық қолжазбаларын жинап, реттеп отырды. Кейде арасында мен де оған көмектесіп, біршамасын компьютерге теріп беріп жүрдім. Қайрекең қандай сынақ келсе де, сынбай, қасқайып тұрып қабылған мықты жан еді. Қалам деген қасиетті затты Құдай екінің біріне серік етпейді. Сондықтан қосағымның көзі кетсе де, еңбегі кетпесін деп, ұл-қызымызбен жабылып, соңғы еңбектерін екі кітап қылып шығарып отырмыз. Қолдау білдірген, атсалысқан шәкірттеріне алғысым шексіз», – деді Қайырғали Медеттің жары Оразкүл Туғанбек.
Қайырғали Медет – ақиқатты жоғары қойған қаламгер еді. Ол 1983 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1982 – 1990 жылдары республикалық «Білім және еңбек» журналында әдеби редактор, бөлім меңгерушісі, 1990 жылы республикалық «Денсаулық» журналының жауапты хатшысы. 1991 – 1997 жылдары республикалық «Мәдениет» («Культура») газетінің бас редакторы, 1997 жылы «Қазақстан теледидары және радиосы» корпорациясында бағдарламалық қызмет басшысы, 1998 жылы ОҚО Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының тіл бөлімі бастығы, 1999 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары, 2000 – 2006 жылы «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы, 2006 – 2007 жылдары «Ел мәдениеті», «Өмір-айна» газеттерінің бас редакторы, 2009 жылдары «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында директордың орынбасары, «Алтын Қазына» газетінің бас редакторы. Сондай-ақ облыстық саяси қуғын-сүргін музейі төрағасының орынбасары, Ерлік мұражайының меңгерушісі, облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры қызметтерінде болды.
Фото: Ult.kz
Осы шыққан «Өмірімнің өзегі» және «Шалқалап туған ай» жинақтарында оның соңғы жылдары жазған әңгімелері мен өлеңдері топтастырылған. Бұл туындылар – жазушының көзі тірісінде қалам тербеген соңғы сәттері, жан дүниесінен сыр шертетін көркем естеліктер жинақталыпты. Әдебиетсүйер қауым бұл еңбектерді ерекше ықыласпен қабылдады.
«Қайырғали Медеттің есімі қазақ журналистикасында алар орны ерекше. Ол қаланың бас басылымы саналатын «Шымкент келбеті» газетінің беделін арттырып, жаңа деңгейге көтерген тұлға. Бас редактор болған жылдары газет тек ақпарат таратушы құрал ғана емес, қоғамның шынайы үнін жеткізетін беделді басылымға айналды. Оның қызметке адалдығы, әділдік пен ақиқатты ту етуі – осы жетістіктердің басты себептері еді. Қайырғали аға тек өзі жазып қоймай, болашақ журналистерді тәрбиелеуге де ерекше көңіл бөлді. Ол қасына журналистиканы жан-тәнімен сүйетін, қаламы қарымды жастарды жинады. Бүгінде танымал журналистер Шадияр Молдабек, Оралдан Дәуіт, Бейсенбай Тәжібаев сол кездері ағаның шәкірті болған. Бұл есімдер бүгінде қазақ журналистикасында өзіндік орны бар азаматтар. Демек, Қайырғали Медет тек мықты қаламгер ғана емес, үлкен мектеп қалыптастырған ұстаз да болды, – деді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, журналист Ғалымжан Елшібай.
Ақпарат пен мәдениет, әдебиет саласында жүріп елеулі еңбек етті. Қызығы мен қиындығы мол журналистік жолдың алғашқы баспалдағынан бастап, «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды. Қайырғали Медет Ақпарат пен мәдениет, әдебиет саласында жүріп елеулі еңбек етті. Қызығы мен қиындығы мол журналистік жолдың алғашқы баспалдағынан бастап, «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды.
Журналистикадан бөлек, соңғы жылдары Қайырғали Медеттің жазушылыққа уақыт бөліп, біршама шығармалар дүниеге әкелді. Ал жазушылық сарыны ерекше түзіледі. Әңгімелері мен повестерінде кешегі, бүгінгі, өмірдің көріністері жүрегіңді тербейді. Әділетсіздікке, жағымпаздыққа, парықсыздыққа–мейірім, шындық, қайсарлық қарсы тұрады. Бұл Қайырғали Мүсілімұлының өз кредосы.
Қайырғали Медет шығармашылығының негізгі ерекшелігі – ауыл адамдарының мінез қайшылықтарын шынайы суреттеуінде екенін пайымдадым. Екінші бір ерекшелігі – бүгінгі өмірді қаз-қалпында береді. Жалған оқиғалардың бояуын қалыңдатып, оқырманды шошындырмайды.
Ақбота Мұсабекқызы