28 қар, 2023 сағат 14:23

Канадаға жұмысқа кетпек болған астаналық тұрғын алаяққа алданды

Фото: ашық дереккөзден

Канадаға жұмысқа орналаспақ болған астаналық тұрғын алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Астана қаласы полиция департаментінің Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық жасауға қатысы бар 59 жастағы қала тұрғынын анықтады. Ересек әйел Канадаға жұмысқа орналастырамын деген сылтаумен елорданың 24 жастағы тұрғынының ақшасын иемденгені белгілі болған.

"Күдіктінің сенімге кіріп, жәбірленушіні басқа елде тұрумен жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін байланыстары мен арналары бар екеніне сендіргені анықталды. Ол өз қызметі үшін жас жігіттен алдын ала 203 мың теңге алған.

Тергеу барысында оның тағы 6 астаналықтың ақшасын иемденіп, алдағаны белгілі болған.

Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр" - делінген хабарламада.

Астана қаласы полиция департаменті азаматтарға алаяқтардың құрбаны болмау үшін қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.