04 сәу, 2024 сағат 11:17

Қарағанды облысы прокуратурасы 27,3 млрд теңгелік тендердің күшін жойды


Қарағанды облысының прокуратурасы жалпы сомасы 27,3 млрд теңгені құрайтын 54 мемлекеттік сатып алудың күшін жойған.

Прокуратура ақпаратына сүйенсек, Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жауапты қызметкерлері заң талаптарына қайшы су құбырын күрделі жөндеу бойынша 625 млн теңгеге мемлекеттік сатып алуды жобалық-сметалық құжаттамасыз және сараптамалық қорытындысыз өткізген.

Ал Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 75,2 млн теңге сомасына ластаушы заттарды шығарудың мөлшерін өлшеуге арналған жабдықтар мен аспаптарды сатып алуды негізсіз жоспарлаған. Алайда бұл жұмыс аталған мемлекеттік мекеменің құзыретіне жатпайды.

Прокуратура, бұдан бөлек, тағы 52 тапсырыстың күші жойылғанын айттады. Кері қайтарылған бюджет қаражаты облыстық бюджетке келіп, қайта бөлуге жіберілген.

29 қаңтарда Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында іс жүзінде жоқ жолды жөндеуге конкурс жарияланып, 328 млн теңге бөлген. Облыстық прокуратура мәселені зерттеп, конкурсты өткізбей тастаған.

«Ақтоғай ауданы прокуратурасының наразылығы бойынша ауданның Экономика және қаржы бөлімінің жалпы сомасы 328 миллион теңгеден асатын іс жүзінде жоқ «Ақжарық-Аппаз» тас жолын ағымдағы жөндеуге ашық конкурс өтпей қалды. Жолдың бұл учаскесінде жергілікті және облыстық деңгейдегі уәкілетті органдардың балансында ешқандай жол жоқ екені анықталды», – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.


Өңірлік экономика бөлімі «Автомобиль жолдары туралы»  заңды бұзған, яғни қолданыстағы емес, салынбаған жолды жөндеуге тырысқан. Екіншіден, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңды бұзып, құрылыс жобалық құжаттама жоқ жаңа жол салуға тырысқан.

Ал 2023 жылдың 23 желтоқсанында Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар коммерциялық мақсатқа жер бергенде бұзушылықтарға жол бергенін анықтаған.

«Қарағанды қаласының әкімдігі бағалау рәсімін жүргізбестен, бұрын алынған жер учаскелерінің орнына тұрғын емес үй-жайлары бар көппәтерлі тұрғын үй салу және оны одан әрі пайдалануға беру үшін коммерциялық мақсатқа 14 жер учаскесін берген. Осы орайда жергілікті атқарушы орган «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 62-1-бабын бұзылуына жол берген», – деп жазылған таратылған хабарламада.


Прокуратураның араласуымен қала әкімдігі жоғарыда аталған қаулының күшін жою туралы талаптарды толық көлемде қанағаттандырды. Осылайша, құны 158 млн теңге болатын 4 га коммерциялық мақсаттағы 14 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.