03 сәу, 2026 сағат 11:23

Қарағанды облысында жоғалған 13 жастағы бала шалшық су ішіп аман қалды


Видеодан скриншот


Қарағанды облысында жоғалып кеткен 13 жастағы жасөспірім бір түнді далада өткізіп, шалшық су ішіп аман қалған, деп хабарлайды КТК арнасы.


Бейбарыс есімді оқушы сабақтан кейін достарымен ойнау үшін Қарабас ауылына барған. Кешке анасы хабарласқан соң, ол Абай қаласына қайтпақ болады. Алайда белгісіз себеппен автобусқа мінбей, жаяу қайтуға шешім қабылдаған.


Күн батқан уақытта жасөспірім анасына адасып кеткенін жазып, тоңып, шөлдегенін хабарлаған. Осыдан кейін дабыл қағылып, баланы іздеуге еріктілер, полиция және құтқарушылар жұмылдырылды.


Түні бойы жүргізілген іздеу жұмыстары нәтижесінде Бейбарыс таңсәріде Абай қаласынан шамамен 15 шақырым жерден табылды. Оны Дубовка ауылының тұрғыны байқап, бірден тәртіп сақшыларына хабар берген.


“Қорыққан, тоңып қалған. Футболкасын жамылып жатқан. Шөлден ерні кеуіп кетіпті. Ең бастысы – аман”, – деді анасы Айжан Нақышева.


Қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы. Мамандар ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырып отыр.


Еске сала кетейік, бұған дейін Қостанайда жоғалып кеткен жасөспірімнің денесі табылып, оқиға қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызған еді.