19 шіл, 2021 сағат 17:30

Қарағандыда үздік ғылыми жобалар байқауы аяқталды



Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен, Қарағанды облысы ҚХА Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналған үздік ғылыми жобалары облыстық конкурсын қорытындылады, -  деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Ғалымдардың, сарапшылардың, докторанттар мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын бейбітшілік пен келісім идеяларын қолдау, жинақтауға бағытталған ғылыми зерттеулерді дайындауға көмектесу мақсатында ұйымдастырылған байқаудың қорытындысын «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Әйгерім Исбекова жариялады.

«Байқауға қатысушылар мен жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын. Барлық қатысушы қажырлы еңбек еткен, бәрі де жеңіске лайық. Дегенмен байқаудың аты байқау, әділ қазыларға шешім қабылдау оңай болған жоқ. Біздің бұл жобамыздың негізгі міндеттері қоғамдық келісім мен жалпыхалықтық бірлікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясат саласындағы талантты жас ғалымдар мен сарапшыларды қолдау, қоғамдық келісімді, қазақстандық бірегейлікті нығайту бойынша оқу-әдістемелік құралдарды, ғылыми әзірлемелерді басып шығаруға жәрдем көрсету екенін атап өткім келеді», -  деді облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Әйгерім Исбекова.

Аталған байқауға Қарағанды облысының 35 жасқа дейінгі барлығы 15-тен астам жас зерттеушілері, магистранттары, докторанттары, оқу орындарының қызметкерлері және қоғам қайраткерлері қатысты. Ал байқаудың өзі «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойы: жетістіктер, тәжірибе және сын-тегеуріндер», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық бастамалары контекстіндегі бейбітшілік пен келісім идеясы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық және конфессияаралық бірлік пен келісімді нығайту және дамыту институты ретінде», «Қазақ зиялыларының ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруға қосқан үлесі», «Ядролық қарусыз әлемге жол. Экологиялық қауіпсіздік және «Таза табиғат» әлеуметтік бастамасы» бағыттарында ұйымдастырылды.

«Менің «Қазақстан аумағында тұратын кәрістердің тарихы мен бүгіні» атты ғылыми жобамның үздік шыққанына өте қуаныштымын. Ғылым жолы оңай жол емес. Мен бұл тақырыпқа аяқ асты келе қалған жоқпын. Студент кзеімнен қызығып, зерттеп жүрген тақырыбым. Магистрлық диссертациямды да осы бағытта зерттеп жатырмын. Жас ғалымдарға арналған мұндай жобалардың көптеп ұйымдастырылғанын қалар едім. Өйткені Қазақстанның ғылымын өркендету үшін ел ішіндегі жас ғалымдарды қолдау керекпіз», -  деді Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті физика-математика факультетінің магистранты Айбын Жаманхан.

Сонымен, жоба жарысы барысында Қазақстан Республикасының ядролық қарусыз әлем доктринасын қолдау және қамтамасыз ету жөніндегі қызметі – авторы әлеуметтік ғылымдар магистрі, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультеті, «Дүниежүзілік тарих және халықаралық қатынастар» кафедрасының зертханашысы Рүстем Сманов, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі сөз өнерінің теориялық мәселелері – авторы педагогика ғылымдарының магистрі, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы Әсел Қожакметова, Қазақстан аумағында тұратын кәрістердің тарихы мен бүгіні– авторы Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті физика-математика факультетінің магистранты Айбын Жаманхан, Қазақтардың мәдени-шаруашылық кешеніндегі орталық Қазақстанның сауда тарихы - авторы аспирант, «№86 ЖББМ» КММ Қазақстан және дүниежүзі тарихы мұғалімі Ерлан Артықбаев, «Қазақ тілін үйренуге жағымды әсер ететін факторлар мен жағдайлар» - авторы педагогика ғылымдарының магистрі, Осакаров ауданы «№2 ЖББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Әлия Мұстафина, Қазақстанда көпбалалы отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешудегі мемлекеттік саясат - авторы әлеуметтік ғылымдар магистрі, «№66 ЖББОМ КММ» ғылыми зертханашысы Аида Екпінбай жобалары үздік деп танылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның практикалық маңыздылығы - зерттеу жұмысының нәтижелерін оқу орындарында оқытушылар және студенттер Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен қызметі туралы сынып және кураторлық сағаттар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер дайындағанда қолдана алады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен, Қарағанды облысы ҚХА Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналған үздік ғылыми жобалары облыстық конкурсын қорытындылады. Ғалымдардың, сарапшылардың, докторанттар мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын бейбітшілік пен келісім идеяларын қолдау, жинақтауға бағытталған ғылыми зерттеулерді дайындауға көмектесу мақсатында ұйымдастырылған байқаудың қорытындысын «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Әйгерім Исбекова жариялады.