10 қар, 2022 сағат 15:33

Қарақат Әбден синтетикалық есірткімен күресті күшейту керектігін айтты


Президенттікке үміткер Қарақат Әбден синтетикалық есірткіге қарсы күресті күшейту керектігін айтты - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Құрметті қазақстандықтар! Бүгін тағы бір үлкен дертке айналған проблеманы ортаға салғым келіп отыр.

Ұлт болашағына нағыз қауіп төндіретін мәселе - есірткі. Талай азаматтарымыздың санасын улады, тағдырын құртты. Қазір мамандар дабыл қағуда. Осыны естігенде бірден ине ұстаған нашақорларды елестетеміз. Бірақ жағдай одан да күрделі.

Қазір синтетикалық есірткінің заманы. Арзан әрі қолжетімді бұл есірткінің зардабы өте ауыр. Есірткіге тәуелді болғандардың арасында жастар көп. Синтетикалық есірткіні қолданатындардың қатарында тіпті мектеп оқушылары да бар. Статистика өте қорқынышты. Нашақорлардың қатары неге жасарып бара жатыр? Осыны бүгін анықтап, әрекет жасамасақ, ертең тым кеш болады. Неге есірткіні сатып алу тым оңай? Құзырлы мекемелер қайда қарап отыр?", - деп жазды ол Facebook парақшасында.