01 қар, 2022 сағат 09:45

Қарашада ауа райы қандай болады?


Синоптиктер қарашаға арналған ауа райы болжамын ұсынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Қазгидромет"-ке сілтеме жасап.

Болжамға сәйкес, қарашада республика бойынша ауа температурасы климаттық норма шамасында болады, жауын-шашынның таралуы: Қазақстан Республикасының батыс жартысында нормадан аз, шығыста - норма шамасында. 

"Қарашаның басында циклон Скандинавиядан Ресейдің Еуропалық аумағы (РЕА) арқылы үлкен жылдамдықпен Қазақстан аумағына ауысып, ауа райы тұрақсыз сипатта болады. Жауын-шашын жаңбыр мен жылбысқы қар түрінде болады деп күтіледі. Республиканың оңтүстігінде көбіне жаңбыр жауады. Атмосфералық фронттармен байланысты  қатты жауын-шашын еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында күтіледі. Жел 15-28 м/с дейін күшейіп, жекеленген аудандарда көктайғақ болуы мүмкін", - делінген хабарламада.

Қарашаның алғашқы күндерінде ҚР аумағы бойынша ауа температурасы түнде -5+5 градус, күндіз +1+9 градус, еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жылы болады - күндіз +10+18 градус.

"Бірінші онкүндіктің ортасынан бастап белсенді циклон шығыс бағытта жылжып Қазақстан аумағынан кетеді, осы циклонның ізінен Қара теңіз аймақтарынан антициклон таралады. Бұл жауын-шашынның батыс өңірлерде тоқтауына ықпал етеді, сондай-ақ онкүндіктің соңында республиканың қалған аумағында да жауын-шашын тоқтайды. Ауа температурасы еліміздің солтүстік жартысында түнде -3-13 градусқа дейін, күндіз -5+2 градусқа дейін, оңтүстік жартысында түнде -5+2 градусқа дейін, күндіз 0,+8 градусқа дейін біртіндеп төмендейді деп күтіледі", - делінген болжамда.

Айдың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағында Солтүстік теңіз, Батыс және Шығыс Сібір аудандарынан суық ауа массалары жиі келіп, тұрақсыз ауа райы болжанады. Термометрлердің бағандары түсуі мүмкін:

    • батыс, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда түнде -17-25°С, күндіз -5-12°С дейін;
    • республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде -10-17°С, күндіз -3-10°С дейін.

Алайда Қазақстан аумағына Атлантика мен Иран аумағынан ауа массалары түсетін жылы күндердің де болуы күтіледі.