26 қар, 2022 сағат 11:04

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді


Президент болып қайта сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алдымен инаугурация өтетін залға Қазақстан Республикасының Туы, штандарты мен Конституциясы әкелінді.

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде.

Ант бергеннен кейін Президент Мемлекеттік Туды сүйді. Содан соң Мемлекеттік Әнұран орындалды. Әнұран орындалып жатқан уақытта сырттағы зеңбіректерден оқ атылды.

Рәсімнің соңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентiнiң куәлiгiн тапсырды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы ант берген сәттен бастап ресми түрде қызметіне кіріседі.

Ант беру рәсіміне Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Президенттің инаугурациясына шет мемлекеттердің басшылары шақырылған жоқ. Салтанатты шараға Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус қана қатысты.

Ұлықтау рәсіміне Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та келді. Ол 2019 жылы болған инаугурацияға да қатысқан болатын.

Ұлықтау рәсімі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтті.