Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақордада өткен іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын жариялады.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Салтанатты рәсімнен кейін Президент сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енетінін айтты. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық.
"Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді! Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі", - деді ол.
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тағдырына бей-жай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан барша азаматқа зор алғыс білдірді.
"Ұлт мүддесін терең түсініп, Ата заңды қолдап, дауыс беруді тарихи миссия санаған жұртшылыққа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл орайда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарының және басқа да аймақтардың Ата заңды мақұлдап, дауыс берген тұрғындарына алғысымды айтқым келеді", - деді Президент.
Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталды.
"Комиссия мүшелері өте ауқымды, тиімді жұмыс атқарып, мемлекет пен қоғамның өзара сенімі және серіктестігі аса маңызды екенін айқын көрсетті. Жалпыұлттық коалиция мүшелері де қажырлы қызмет етті. Олар жаңа Конституцияның мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, қажетті үгіт-насихат жұмысын ойдағыдай атқарды. Бүгін осы тарихи сәтке орай, мен Комиссия құрамында болған барша азаматқа және Коалиция мүшелеріне ерекше ризашылығымды білдіремін", - деді ол.
Президент азаматтарымыз таңдаған жаңа Конституция Қазақстанның жаңа дәуіріне жол ашатынына сенімді.
"Қазақстан – аяғына нық тұрған, халықаралық беделі биік мемлекет. Еліміз ішкі тұрақтылығын сақтап, өзге жұртпен достық қатынас орнатып, зор сеніммен алға қарай қадам басып келеді.
Енді мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет.
Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар. Көп созбай бәріміз осы міндеттерді іске асыруға кірісуіміз керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
