16 нау, 2026 сағат 10:52

Тоқаев: "Референдум ашық әрі әділ болды"


Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және ашық әрі әділ өткенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, дауыс беру барысында барлық заң талаптары мен демократиялық қағидаттар толық сақталған. Мұны отандық әрі халықаралық бақылаушылар да растауда. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

"Азаматтар жасаған таңдаудың түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Орталық референдум комиссиясы ресми тәртіппен шығарады. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің, патриотизмнің, Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің керемет үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым бөлігі Өркендеу, Әділет, Заң мен Тәртіп, Табиғатты аялау және Тазалық жолын таңдады. Бұл – өте жақсы жол. Жаңа Халық Конституциясы елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды. Бұған ешқандай күмән жоқ. Дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұндай жағдай көптен бері болмап еді. Учаскеге келіп, азаматтық ұстанымын анық білдірген баршаға алғыс айтамын. Осы арқылы күллі әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін паш еттік. "Бірлік бар жерде тірлік бар". Бірлік бар жерде өркендеу бар. Елдің қуаты – бірлікте. Бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Сонда ғана озық, дамыған, бәсекеге қабілетті ел боламыз", – деді Тоқаев.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халық қолдаған жаңа Конституция ел дамуының берік негізіне айналатынын айтты. Мемлекет басшысы Ата заңның Тәуелсіздік пен егемендіктің тірегі екенін атап өтіп, бұл құжат Қазақстанның болашақтағы даму бағытын айқындайтынын жеткізді.

"Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендік тірегі. Ата заңымыз – адам құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі. Біз бір ел болып Заң мен тәртіп сақталатын, жауапты және жасампаз азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша, бүгін ұлт тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Ең бастысы, халқымыз түбегейлі өзгерістерді барынша қолдайды. Біз ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, келер ұрпаққа Өркениетті, Озық Қазақстанды аманат етеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Осы референдум кезінде жастар белсенді түрде сайлауға қатысты. Жастарымызға мың да бір рақмет! Жастарымыздың дауысы, үні өте жақсы естілді. Әрқашан аман болыңыздар! Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін! Жаңа Конституциямыз құтты болсын!" – деді Президент.