10 жел, 2022 сағат 13:53

Катардағы әлем чемпионатында америкалық журналист қаза тапты


Танымал америкалық журналист Грант Уол Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалындағы Нидерланд пен Аргентина құрамалары арасындағы матч кезінде қаза болды. Қайғылы оқиғаны марқұмның ағасы хабарлады, кейін журналистің өлімін АҚШ футбол федерациясы растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Football24.ru-ке сілтеме жасап.

Ол кенет "Лусаил" стадионындағы баспасөз қызметкерлеріне арналған жерде есінен танып қалған. Журналист небәрі 48 жаста еді.

Уолдың туысы Гранттың денсаулығында проблемалар болмағанын айтты. Туысының айтуынша, БАҚ қызметкері Катарда қоқан-лоққы көрген болуы мүмкін.

ABC News басылымының мәліметінше, бұған дейін ол Катардағы стадионда түрлі түсті футболка кигені үшін қамауға алынған.

Айта кетейік, Грант Уол CBS-те жұмыс істеген. Ол - "Бекхэм эксперименті" кітабының авторы.