29 қыр, 2016 сағат 08:16

“Қайрат” "почти" Ресейдің клубы ма, Аршавин мырза?

«Қайрат» футбол клубының ресейлік легионері Андрей Аршавин өз елінің спорттық басылымдарының біріне берген сұхбатында Қазақстанды «это же почти Россия» депті...

Тіл және келісім-шарт

Кеше түнде sportsdaily.ru сайтында Андрей Аршавиннің сұхбаты жарық көрді. Онда 35 жастағы футболшы «Сіз қазір Қазақстанды мысалға айтқанда, Швейцарияға ауыстырар ма едіңіз, егер де “Грассхоппер” немесе “Базель” секілді клубтардың бірінен ұсыныс түссе» деген сұраққа былай деп жауап берген:

– Әй, қайдам. Шынымды айтсам, орысша сөйлемейтін басқа елге ауысқым келмейді. Бұл тұрғыда, Қазақстан тура Ресей секілді деуге де болады. Сондықтан маған сонда (Қазақстанда) – өте жайлы.

Әрине, жасы келіп қалған футболшының енді «май шелпектен» айырылғысы жоқ. Басқа елде сол мемлекеттің тілін үйрену керек. Сол елдің діліне бойсұну керек. Тіпті кейбір елдерде футболшының келісім-шартында бұл айрықша аталып өтеді. Мәселен, “жарты жылдың ішінде жергілікті тілді үйреніп алуы керек” деп.

Ал бізде ше? Қай футболшының келісім-шартында “жарты жылдың ішінде қазақтың, құрығанда 10 сөзін жаттап алуыңыз керек” деп жазылған?! Ешбір! Бізде бәрі – орысша.

Алысқа бармай-ақ, сол «Қайратты» алайық. Алматы клубында ұлттық нақышта не бар? Шетелдік футболшыларына арналып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу және насихаттау барысында қандай да бір жұмыстар жүргізіле ме? Күмәнім бар...

«Қайрат» клубында елде жоқ тамаша база бар. Қазіргі заман үлгісінде салынған. Сол базаның бөлмелерінің есіктеріндегі жазулар қазақ тілінде ме? Қазақша қандай сөздер жазылған? Аршавин «Қайратта» жүріп қазақ тілін ести ма екен, өзі?..

Клуб басшысы уәде бергендей еді...

Орайы келгенде, тілге қыстыра кетейік, осыдан бір жыл бұрын «Қайраттың» үр жаңа супербазасы ресми түрде ашылды. Салтанатты түрдегі ашылу рәсіміне лауазымды тұлғалар мен әйгілі қайраткерлер, қазақ футболының игі жақсылары шақырылды.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өз сөзін қазақ тілінде бастап, әрі өз ойын негізінеен мемлекеттік тілде жеткізіп, ана тілімізді құрметтейтін қауымды риза қылды. Одан кейін ҚР мәдениет және спорт министрінің Спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов та қазақша сөйлеп, содан кейін ғана орысшаға ойысты.

Үшінші болып, «Қайрат» футбол клубы Байқаушы кеңесінің төрағасы, ауызекі тілмен айтқанда, осы клубтың қожайыны Қайрат Боранбаев сөз сөйледі. Өкінішке қарай, клуб басшысы бірден орысша бастады. Ана тілімізде бір ауыз сөз айтпады, жақ ашпады.

Одан кейін журналистерге арналған баспасөз жиыны өтті. Бастан-аяқ – орысша, әрине. Мұндай қуанышта басшының көңіл-күйін түсірмеуді ойлап, БАҚ өкілдеріне арналған басқосу аяқталған соң Қайрат Советайұлына «команда қашан қазақша сөйлейді» деп сұрақты төтесінен қойған едім. Сонда клуб басшысы «сөйлейді, әлі!» деп кесімді түрде жауап берген...

Өкінішке қарай, бір кездері иісі қазақ «Қайратым» деп үздіккен команда әлі ана тілінде сөйлер емес. Әнұраны да орысша сияқты. Әрине, мұның бәрін көріп-біліп отырған Аршавин сияқтылар енді «Казахстан – это же почти Россия» демегенде қайтсін!

Айтпақшы, көктемде «Қайрат» футбол клубы тағы да баспасөз жиынын өткізіпті. Жаңа маусым алдындағы жиылыста сол кездегі команданың бас бапкері А.Бородюк сәлемі мен сөзінің әлқиссасын қазақ тілінде бастапты. Соны кейбір әріптестерім Астанада жүрген маған сүйінші сұрағандай болып жеткізді. Рахмет, сізге Александр Генрихович!

Футболымыздың қазақы болмысы жоққа тән

Түсінбеймін. Әлі түсіне алмай жүрмін. Неге біздің орыс тілді спорттық басылымдар Аршавин секілді ресейліктерге үйір (Сычев, Титов, Тихонов, Вереттенников, Бесчастных, Красножан және т.б.). Солардың отырып-тұрғандары мен әрбір сөздерін теріп жүретіндей...

Бұл да «это же почти Россия» деген сөздің (ұғымның) кері емес пе? Негізі, қазақ футболының дамуына өз үлестерін қосып жүрген басқа шетелдіктер аз емес қой. Мәселен, жастар арасындағы әлем чемпионы Неманья Максимович біздің елде доп теуіп жүр. Болгария бапкері Станимир Стойлов қазақ клубымен Чемпиондар лигасының да, Еуропа лигасының да топтық кезеңіне шықты.

Жерар Гоу екі жыл болды, сұрмергендер тізімінде алдына жан салар емес. Рохер Каньяс, Патрик Твумаси, Марин Аничич секілді ойыншылар халықаралық аренада біздің елдің клубының намысын жыртып жүр. Ненад Эрич тіпті Қазақстан азаматтығын алды. Кезінде Алдин Джидич те біздің төлқұжатымызды алған. Мұндай футболшылар аз емес.

Қалай десек те, футболымыз тек орыс тілді болып тұр. Намысымызға тиеді-ақ. Десек те, шынымен де «это же почти Россия» сияқты ма?! Өкінішті... өте өкінішті...

Нұрғазы САСАЕВ,

sportsffa.kz

“Қайрат” почти Ресейдің клубы ма?