Фото: Видеодан скриншот
АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұрып жатқан қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Ашкеевтің үйінде өрт болды. Болған жағдайды спортшы видеоға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Боксшының сөзінше, ол отбасымен бірге достарына қонаққа шығайын деп жатқан кезде үйден күйген иіс шыққанын байқаған. Гараждың есігін ашқанда үйдің бір бөлігіне от тиіп үлгергенін көріп, бірден жақындарын сыртқа алып шыққан. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер тілсіз жауды жедел түрде бақылауға алып, толық сөндірген.
«Әр қиындықтың артында бір жеңілдік бар. Аллаға шүкір, бәріміз аманбыз», – деп жазды спортшы.
Қазір Ашкеевтің отбасы уақытша достарының үйінде тұрып жатыр. Біраз уақыттан кейін боксшы оқырмандарына қайта байланысқа шығып, өрттен кейінгі жағдайды көрсетіп, ешкімнің зардап шекпегенін жеткізді. Әлеуметтік желі қолданушылары оған қолдау білдіріп, қажет болса қаржылай көмек көрсетуге дайын екенін айтқан.
Айта кетейік, Мадияр Ашкеев – Қазақстан чемпионатының жүлдегері және 2014 жылғы Бүкіләлемдік бокс сериясының қола медаль иегері. Ол сондай-ақ Солтүстік Америка бокс федерациясы мен Ұлттық бокс қауымдастығының чемпиондық титулдарын иеленген. Кәсіпқой рингте 15 жекпе-жек өткізіп, оның 14-інде жеңіске жеткен. Соңғы рет 2020 жылдың желтоқсанында америкалық боксшы Чарльз Конуэллмен кездесіп, жеңіліп қалған еді. Сол жекпе-жектен кейін ол USNBC белбеуінен айырылды.
