18 қар, 2025 сағат 15:58

"Қайын жұртынан қорқып маған үйленбеді": Депутаттың тоқалы шындықты жайып салды

Фото: ашық дереккөз

Түркістан облыстық мәслихатының 25 жастағы депутаты Нұрайым Шақимерген өзіне қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпараттан кейін жеке өмірі туралы түсініктеме берді. Ол бұл жазбаны парақшасында жариялап, жағдайға байланысты ішкі күйін бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz.

Депутат көпшілікке өзінің қиын кезеңнен өтіп жүргенін, баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанын және жеке өмірінде ауыр жағдайлар орын алғанын ашық айтты. Оның сөзінше, ол әкесіз өскендіктен, өмірінде ер адамның қолдауы мен қамқорлығын сезінуге мұқтаж болған.

"Бұл жазбаны қандай ауыр күйде жазып отырғанымды өзім ғана білемін. Мен – қолында кішкентай сәбиі бар, жүрегі жараланған, ажырасқан әйелмін. Мен – әкесіз өскен қызбын. Сондықтан, иә… “ер адамның жылуына” мұқтаж болатыным анық еді. Әке деген – бөлек әлем. Түсініксіз, қол жетпес, бірақ жаныңа керек ең жылы нәрсе", – деп жазды ол.

Жазбада Нұрайым Шақимерген бір адамға сеніп, оған жүрегін ашқанын, бірақ сенімі ақталмағанын жасырмады. Оның айтуынша, бастапқыда өзіне үйленемін деп уәде берген азамат соңғы сәтте шешімнен бас тартып, отбасылық қысымнан қорқып, үнсіз кетіп қалған.

"Басында маған үйлену үшін барлығын жасады. Сендірді. Әр сөзін дәлелдегендей болды. Мен сендім. Ал шешім қабылдайтын сәт келгенде – қайынжұртынан қорқып, оларды таңдады. Қашып кетті. Үнсіз кетті. Мен оған ренжімеймін. Бұл оның таңдауы. Оның шамасы. Ал мен өзімді таңдадым", – деп жазған.


Шақимерген бұл жағдайды өмірлік сабақ ретінде қабылдап отыр. Ол өзін кінәламайтынын, қайта осы оқиға арқылы маңызды түйін жасағанын атап өтті.

Сондай-ақ жас депутат оқырмандарынан оның жеке өмірін емес, қызметтегі еңбегін бағалауды сұрады. Ол әкелерге қыздарына мейірім мен қорған болу қажеттігін ескертіп, өз өміріндегі ауырлықты ешбір қыздың басына бермеуді тіледі.

"Қадірлі әкелер! Қызыңызға бар мейіріміңізді беріңіз. Құшағыңыз, сөзіңіз, қорғауыңыз оған өмірлік тірек болсын. Менің өмірім ешбір қыздың тағдырына айналмасын. Ал менің замандастарыма – менің жеке өмірімді емес, 25 жастағы Нұрайымның қызметтік жолын, еңбегін, табандылығын көруді жазсын деп тілеймін", – деп жазды ол.


Жазба соңында ол елге адал еңбек етуді басты міндеті санайтынын және ұлының өзімен мақтануы үшін бар күшін салатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Түркістан облыстық маслихатының 25 жастағы депутаты Нұрайым Шақимергенмен бас қосқанын, балалы болғанын мәлімдеген.