09 нау, 2021 сағат 12:09

Қазақ сөзінің барынша дұрыс таңбалануына мүдделіміз

Бүгінгі әлемдік ғылымда әңгіменің өзегіне айналып отырған үлкен тақырыптың бірі – құндылықтар, адами құндылықтар. Құндылықтарды зерттеу үлкен ғылым саласына айналып, адамның мәдени және рухани игіліктерінің мәнін терең зерделей бастағаны белгілі. Қазір сәт сайын өзгеріп, құбылып жатқан әлемде өзіңді танып, өз жеке басыңның тұлға ретінде қадірін арттырып, қасиетіңді білу үшін, өзіңді дұрыс бағалап, бағалату үшін басты ұлттық құндылықтарды білу, оны ардақ тұту, қадірін біліп, үлгі ету маңызды.

Құндылықтар сапында ұлттық кодтар мықшегедей бекіген, бекітілген. Құн­дылыққа айналудың өзі оның бойындағы ұлттың мәдени-рухани кодының болуы­мен байланысты. Құндылық  – дүние­танымның рухани өзегі, қоғамда қалып­тасатын сан алуан жағдаяттардың тарихи себептері мен мәнін түсінуге мүм­кіндік беретін негіз. Басты таразы осы құндылық бол­маққа керек. Өйткені халықтың немесе этностың ерекшелігі мен бірегейлігін айқындайтын  осы – ұлттық құндылықтар.

Қазіргі кезде қоғамда жүріп жатқан мәдени өзгерістер мол. Соның ең негізгісі де, маңыздысы да – қазақ жазуы тура­лы мәселе. Өйткені жазу – ұлттық құнды­лы­ғымыздың негізгі тұғыры саналатын тілі­міздің таңбалық көрінісі.  Бүгінгі қа­былданатын жазу – ұлттың болашақ рухани-мәдени даму бағытын анықтамақ, ұлт­тың дүниетанымдық болмысын таныт­пақ. Сондай-ақ бұл жазу  – келешек үшін рухани-мәдени ЕС-ті сақтамақ. Бұл жазу үл­гісі қарым-қатынас құралы ретінде ұлт­тық санамыздағы дүнияуи болмысымыз­ды жаңартпақ. Сондықтан да қазіргі ұсы­нылып жатқан жазу болашағына ел бей-жай қарамай, әлеуметтік желілерде, күн­делікті баспасөз беттерінде белсенділік та­нытуда. Қазақ сөзінің барынша дұрыс таң­балауына мүдделілік күннен-күнге арта түсуде.

Латын таңбасына көшу – саяси шешім. Ол қабылданды. Ендігі мақсат – қалың қа­зақ жұртына ұлттық әдеби тілді дамытатындай, әралуан саяси өзгерістерге сәйкес уақы­тында болған кемшіліктерді түзейтін, тәуел­сіз қазақ елінің өз жазуының канон­дық, өзгермейтін Әліпбиін ұсыну еді.

Қазірдің өзінде  әліпбидің  төрт  нұсқасы ұсы­нылды. 2017 жылы 11 қыркүйек күні Парламентте латын нұс­қасындағы қазақ әліп­биінің алғашқы варианттары таныс­тырылды (диграф нұсқасы). Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығымен бекітілді (апостроф нұсқасы). 2018 жылдың 19 ақ­па­нында алдыңғы шығарған «Қазақ тілі әліп­биін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына өзгеріс енгізді (акут нұсқасы). 2021 жылдың 28 қаң­тарда Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын гра­фикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. Онда латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды (жетілдірілген нұсқа).

Еліміздегі әліпби өзгерту сияқты жа­уап­кершілігі маңызды іс Ш.Шаяхметов атын­­дағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылы­ми-практикалық орталығы мен А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына жүктелді. Рас, үлкен жұмыстар ат­қарылды. Бірақ өкініштісі сол, әліпби қайта-қайта өзгертілгендіктен де, оның ұлттық әліпби ретінде енетініне ел ішінде күмән туа бастағаны да белгілі. Әліпби құрастырып ұсынушыларға, ең алдымен, жауаптылық керек дер едік.

Қазіргі ұсынылып отырған жаңар­тылған әліпби бұрынғыларымен салыс­тырғанда, рас, біршама оңдалды. Бұл – іргелі іс­тің жемісі. Үлкен ғылыми пікірталастар мен дискуссиялардың нәтижесі. Әліпби тү­зу жеке ғалымның өзіндік көзқарасы  тұр­ғысынан жазыл­мағаны жөн. Өйткені бұл әліпби ұлтқа арналып отыр, ұлт мүд­десі үшін, рухани жаңғыру үшін, тілдің ішкі заңдылығын бұзбай таңбалап, елдің өткені, бүгіні және болашағын жазу үшін, ақпарат алмасудың қазіргі күнгі басты құралы ретінде пайдалану үшін қажет.

Әліпби жөніндегі қазіргі пікірталас «...әркімнің-ақ бар таласы» деген прин­циптен шығып отырған дау емес, қа­зақ ғалымдарына, әсіресе, тіл білімі ға­лымдарына темірқазық болуға тиісті Ах­мет Байтұрсынұлы идеяларының жал­ғасып, тіл дамуының қазіргі және кейінгі сатысында ана тіліндегі бас­ты заңдылықтардың орнығуы үшін, ғылы­ми негізделген, жүйеленген пікірдің қабыл­дануы үшін туып отыр. 

Ең алдымен, кирилл әліпбиінен бас тар­туымыздың негізгі себебі – санаға сіл­кініс жасау,  рухани жаңғыру деп түсін­гендіктен де, біз тек орыс әріптерін түгел алып тастауды ғана емес, сол кеңес саясаты негізінде кірігіп кеткен дыбыстарды да Ахмет Байтұрсынұлы байламымен қай­та орнына келтіру деп білеміз. Қазіргі қол­даныстағы И мен У таңбалары да сол орыс­тық әріптер үлгісіне салудың көрінісі. Мұны зерттеушілердің бәрі мойындайды. Шын сөз – ғылыми сөз. Атақты орыс түркітанушылары Н.А.Баскаков, К.К.Юдахин т.б. сынды ғалымдардың қазақ тіліндегі ҰУ, ҮУ мен  ЫЙ, ІЙ дауыс­ты және дауыссыз дыбыстарының И мен У-ға біріктірілуі асыра сілтеу болғаны ту­ралы айтқан пікірлерін әлеуметтік же­ліде ғалымдар жазды. Басқасын былай қой­ғанда, И мен У дауыссызын бірде дауысты, бірде дауыссыз етіп, оның алдындағы дауысты дыбыстарды жазуда елемеу, кейін мүл­де жоқ ету 1938 жылғы қаулымен бекі­тілгені де бүгін тарих болғанымен, ке­шегі күндегі нақты факті еді. Бұл туралы дауысты және дауыссыз дыбысты бі­ріктіріп, үнемдеп жазуды қолдап жүрген Қ.Күдеринова «Қазақ жазуының тарихы мен теориясы» атты еңбегінде 1938 жыл­ғы әліпби мен графикадағы өзгерістер бол­ғанын, «ҰУ мен ҮУ қосар әріп орнына бір ғана – У, ЫЙ мен ІЙ қосар дыбысының ор­нына бір ғана – Й таңбасы алынғанын» жа­зады (2013 ж. 255-бетте). И мен У таң­басы арқылы дауысты және дауыссыз ды­бысты біріктіріп жазу – грамматология заң­дылығына қайшы. Мұнда қазақтың төл дауысты дыбыстары жұтылады да, дауыс­сыздың көлеңкесінде қалып, айтылымда сөз­дің әуезділігі бұзылады. 

«Дауысты дыбыстар сөздің жаны, дауыс­сыз дыбыстар сөздің тәні есебінде» деп санаған Ахмет Байтұрсынұлы әрбір әріп пен оның айтылу жолын тәптіштеп түсін­діріпті.  Біз ҰУ мен ҮУ-ді У-ға, ЫЙ мен ІЙ-ді Й-ға біріктіріп, үнемдеп жазу арқылы әр сөздің жеке-жеке «жанын» аламыз. «Дауыссыз дыбыстар дауыс­ты дыбыстардың иелігінде» дегенде ғалым қазақ тіліндегі үндестік заңының ерекше қасиетін айта отырып, оның айту мен жазудағы нақты әрі табиғи қалпын сақ­тайтынын ескереді. Бұл ғылыми шын­дықты кейінгі барлық түркітанушы ға­лымдардың мойындағаны, теориялық та, тәжірибелік те тұрғыдан анықтағаны тағы шындық.

Й – У (дауыссыз)

У – W (дауыссыз) – болып таңбалануы про­фессор Ә.Жүнісбек мырза дәлелдеп жүргендей, грамматологиялық тұрғыдан тілдің ішкі заңдылығынан шығады. Жүйелі сөзге ғана емес, барлық түркітанушы ға­лымдар айтып кеткен, қазір қазақ ғалым­дары түгелге жуық қолдап отырған (Ор­фотопқа енбеген ғалымдар түгелге жуық) ғы­лыми анық пікірге әліпби жасаушы ғалым­дардың неге тоқтамай отырғаны түсініксіз.   

Қазіргі Й дауыссыз дыбысы А.Бай­тұрсынұлы атындағы тіл білімі инс­титуты ұсынған әліпбиде У (уай) таңбасымен берілген еді. Бұл таңба қазіргі қолданысқа біршама еніп, жазылып жүр. N.Nazarbayev, K.Tokayev т.б. кісі атауларының жазылуы осы­лай қалыптасты.

Жаңартылған әліпбиде дауысты дыбыстар жуан және жіңішке сыңарымен, жіңішке жұбы базалық әрпінен умлаут арқылы ажыратылған (а-ä, о-ö, u-ü). Осы жүйе ы мен і жуан-жіңішке сыңарында да бұзылмай, ы – I, і – і түрінде жазылуы жалпы жазу жүйесін сақтау үшін де, оқушыға түсіндіру үшін де, есте сақтау үшін де ма­ңызды болар еді.

Ұсынылып отырған әліпбидегі в  әр­пінің сақталуының себебін  -ов, -ев, -ова, -ева болып аяқталатын кісі тегінде жиі кездесетіндігімен түсіндіруге болады. Бірақ ф дыбысының қазақ сөзінде кез­деспейтіні, араб-парсы тілінен енген сөз­дердің бәрінде «п» болып қалыптасып кет­кені анық (фарыз – парыз, фатуа – пәтуа, фер­ғауын – перғауын, фалсафа – пәлсапа, Фатима – Патыма, Фазыл – Пазыл).  Әліп­биде F-Ф таңбасының тек «футбол» (аяқдоп немесе putbol ) сөзі сияқты санаулы атауларды жазу үшін алынып отырғанын қолдау қиындау. F(ф), х (х), у (в) – әріптері 1938 жылғы «Қазақ әліппесі мен орфографиясын біраз өзгерту туралы» қаулысы негізінде енген еді.     

Бүгінгі таңда жазуды өзгертуде ескі мен жаңаның тартысы айқын көрінді. Жазу өзгерту тек әліпби өзгерту емес еке­ні анық білінді. Жазу өзгерту деген, шындап келгенде, астары терең, қыртысы мол, саяси да, экономикалық та, әлеуметтік те мәселе екенін нақты сезіндік.

Ескі деп – кешегі заманы өткен кеңес­тік кезең мен сол кезең туғызған тілдегі жалған қисынды түсінеміз. Жаңа деп – рухани жаңғыру уағында жаңарып жат­қан Ахмет қағидасын ұғамыз. Ұлт мүддесі үшін 5 рет түрмеге түсіп, 2 рет жер аударылған Ахмет Байтұрсынұлы өзі айтқан «ертеңін» ертеңге ұзартпай, болашақ иығына жүк етіп артпай, Тәуелсіздік таңының 30 жылында тілдің ішкі заңдылығының өз сұранысына орай шешерміз. Әліпби мәселесі оң шешімін табу үшін, әліпби жасаушы ғалымдарға, ең алдымен, «менбілемдік» санадан ұлт­тық сана биігіне көтерілуі маңызды. Уа­қыт­тың өзі осыны талап еткендей. Қа­з­ір­гі ғалымдар арасында орын алған пікір­таластардың да себебі бар, салдары да оң болады, пайдасы Ел үшін. Халық­тың көкірек көзі ашылды. Кеңес үкі­меті құ­лаққа құйған, сіңіп қалған «кеңестерден» қалың жұртшылық бірте-бірте бой тарта бастады. Әліпби тура­лы ғылыми ой сараланып, пікірдің ай­қындығы нақтыланып, ақ пен қарасы ажы­рап келеді.

Демократия дендей енген біздің қо­ғамда қандай әліпби керек екенін ұлт болып қазақ баласы өзі таңдайтын деңгейге де жақындап келеміз. Тілдің рухани құн­дылық екенін тереңнен түсінгендіктен, қазіргі қалың қауым да, зиялылар да, тіл бі­лімі ғалымдары да қазақ сөзінің барынша дұрыс таңбалауына мүдделі. 

Анар САЛҚЫНБАЙ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы