25 қарашада Астана қаласында БҰҰ-ның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» атты жаһандық науқаны аясында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» (#EndViolence Film Festival) кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараны БҰҰ-ның Қазақстандағы елдік тобы – БҰҰ Қазақстандағы Тұрақты үйлестіруші кеңсесі, ЮНФПА, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Еріктілері, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы, сондай-ақ inDrive компаниясы мен Alternativa жобасымен ынтымақтастықта гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орталық Азия альянсы ұйымдастырды.
Фестиваль бағдарламасына Қазақстан, Қырғызстан және Непалдан келген төрт толықметражды туынды – үш көркем, бір деректі фильм енді. Көрсетілімдер Астана мен Шымкент қалаларында өтіп, алдын ала тіркелген көрермендер үшін тегін ұсынылады.
БҰҰ деректері бойынша, дүние жүзіндегі әрбір үшінші әйел өмірінде кемінде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшырайды, ал әлемде оның әр алуан түрлерінен зардап шеккен 1,3 млрд-қа жуық адам бар. Мәселенің өзектілігі зорлық-зомбылықты әлі де ақтайтын немесе оны үнсіз қалдыратын тұрақты таптаурындар мен әлеуметтік нормалар себебінен күшейіп отыр.
2025 жылы БҰҰ-ның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» жаһандық науқаны «Барлық әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты жою» тақырыбына арналған. Бүгінгі таңда цифрлық кеңістік ең қауіпті алаңдардың біріне айналуда: онлайн-қорлау мен қудалаудан бастап, рұқсатсыз таратылған интимдік материалдар, дипфейктер және гендерлік жалған ақпаратқа дейінгі жаңа қауіптер күн сайын көбейіп келеді.
Әлем елдерінің 40%-дан азында ғана әйелдерді интернеттегі алымсақтық пен қудалауға қарсы нақты заңдар бар. Бұл 1,8 миллиард әйел мен қыздың құқықтық қорғаусыз өмір сүріп жатқанын көрсетеді.