24 мам, 2023 сағат 19:22

"Қазақстанда интернет бар" деген аты ғана – депутат

Фото:elements.envato.com

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев цифрлық даму министрлігінен сапасыз интернет мәселесін шешу үшін арнайы комиссия құруды және интернеті жоқ елді мекендердің тізімін ашық жариялауды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутаттың дерегіне сүйенсек, Қазақстанда халық саны 200 мыңнан асатын 1 432 ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл ресми дерек, шынайы жағдайға келсек, ғаламторды атымен көрмеген елді мекендер саны бұдан әлденеше есе көп болуы бек мүмкін, дейді ол.

"Қазақстанда интернет бар" деген аты болмаса, бүкіл әлемде жылдам саналатын желі біздің елге келгенде табанына тас байлап алғандай көрінеді. Басқасын былай қойғанда бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді. Сапалы интернетті басқа түгілі бас қалада қолдану қиынның қиыны. Интернеттің сын көтермейтін сапасына қарамастан халыққа қажет талай қызметті электронды порталдарға салып тастады жауапты ведомство. Интернетсіз өмірдің азабын қазір ең алдымен ұстаздар мен оқушылар тартып отыр", - дейді Сәрсенғалиев цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне жолдаған депутаттық сауалында.

Биыл 4 айдың ішінде қазақстандықтар сапасыз интернетке қатысты 5 мыңнан астам арыз-шағым түсірген.

"Осы жерде заңды сауал туады, сапасыз интернетті ұсынған операторларға қандай жаза кесілді? Қанша айыппұл салынды? Бұған дейін байланыс операторларына салынған айыппұлды естіп келдік, демек бұл мәселенің шешімі емес екенін түсінетін кез келген жоқ па? Жұртқа айыппұл емес, сапалы интернет қажет емес пе?", - деп ашынды мәжілісмен.

Осы орайда депутат жауапты министрліктен Қазақстан қашан сапалы интернетпен 100 пайыз қамтамасыз етілетінін сұрады.

"Қалалар ғана емес, алыстағы ауылдарға, шекаралық аймақтағы елді мекендерге сапалы ғаламтор қашан жеткізіледі? Атқарылған жұмысты түгел жоққа шығарудан аулақпыз, бүгінгі күнге дейін 6290 ауылдың 4974-не кең жолақты мобильді интернет тартылған. Бірақ бұл қалған мыңнан астам елді мекендегі халықтың құқығын шектеу емес пе?", - дейді Сәрсенғалиев.

Осы ретте депутат министрлікке сапасыз интернет пен ұялы байланыссыз отырған ауылдардағы проблеманы шешу үшін үкімет тарапынан арнайы комиссия құруды, оның құрамына қоғам белсенділерін, сала мамандарын және депутаттарды қосуды сұрады.

Сондай-ақ ол ұялы байланыс пен интернеті жоқ ауыл-аймақтардың тізімін атын атап тұрып ашық жариялау қажет екенін айтты.

"Интернетсіз отырған ауыл-аймақтардың тұрғындары өзі тұрып жатқан елді мекенге қашан, қай кезде ғаламтордың қосылатынын нақты білуі керек. Сондықтан министрлік қоғам алдында жауапкершілік алып, қай жерге, қашан сапалы интернеттің жететінін ашық жариялауы қажет", - деп санайды мәжілісмен.