30 сәу, 2026 сағат 11:46

Еліміздегі жол шұңқырлары енді дрон арқылы анықталады


Фото: gov.kz


Қазақстанда автомобиль жолдарының сапасын бақылау үшін дрондарды енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.


Қазіргі таңда жолдардың жай-күйін бағалауға арналған жаңа буын ұшқышсыз ұшу аппараты сынақтан сәтті өтті.


Сынақ барысында DJI Matrice 400 дроны Ақмол – Воздвиженка – Талапкер бағытындағы облыстық маңызы бар автожол учаскесінде қолданылды. Лазерлік лидар жүйесімен жабдықталған құрылғы жол төсеміндегі ақауларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.


Заманауи технологиялардың арқасында тексеру процесі айтарлықтай жеделдейді. LiDAR және mmWave-радар көмегімен жолдың беткі қабаты толық сканерленіп, тегіс емес жерлер мен түрлі зақымданулар нақты уақыт режимінде тіркеледі.


Деректерді жинау барынша автоматтандырылған: оператор тек ұшу аймағын белгілейді, ал дрон маршрутты өздігінен құрастырып, тексеруді дербес жүргізеді. Сонымен қатар, құрылғы қатты жел жағдайларына бейімделген, бұл Қазақстанның ашық дала аймақтары үшін ерекше маңызды.


Мамандардың айтуынша, мұндай технологияларды енгізу жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, жол сапасын жақсартуға тың серпін береді. Ерте диагностиканың арқасында ақауларды асқындырмай жоюға мүмкіндік туады.


Қазір бұл жүйені автожолдарды кешенді диагностикалау құралы ретінде кеңінен енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Жаңа технология ақауларды анықтап қана қоймай, олардың нақты көлемін дәл бағалауға жол ашады.