Фото: ҚР ОАМ
Енді заң бойынша мұғалімдер оқу процесі кезінде ғана оқушылар үшін жауап береді. Ал сабақтан тыс уақытта оқыс жағдай болса, балалар үшін жауапкершілік ата-аналарға немесе қамқоршыларға жүктеледі, деп хабарлайды Ult.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасын таныстыру кезінде депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдер мен мектеп директорлары оқу процесінен тыс уақытта балалар үшін жауап бермеуге тиіс екенін айтты. Ол былтыр елде бірнеше резонансты жағдайды еске салды.
“Жаз мезгілінде, кешкі уақытта немесе демалыс күндері оқушылар құқықбұзушылық жасап немесе түрлі жағымсыз жағдайларға тап болды. Ол кезде мұғалімдер жанында болған жоқ, олар демалыста немесе үйінде болған. Бұл каникул уақыты, кешкі немесе жұмыс уақыты емес. Соған қарамастан, мектеп директорлары мен мұғалімдер жазаланып, жұмыстан шығарылады. Бұл – әділетсіздік. Енді біз заңға нақты норма енгізіп жатырмыз: педагог балалардың өмірі мен денсаулығына оқу-тәрбие процесі кезінде және өз қызметтік міндеттері аясында ғана жауап береді. Жазғы каникул – ата-ананың жауапкершілігі. Түнгі уақыт, демалыс күндері – ата-ананың жауапкершілігі", — деді ол.
Депутаттар педагогтерді қорғау қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ бұл мәселеде заңда екіұшты түсіндірмелер болмауға тиіс екенін атап өтті.
Осыған ұқсас пікірді Ирина Смирнова да білдірді. Оның айтуынша, мұғалім өзі объективті түрде бақылау жасай алмайтын жағдайлар үшін жауап бермеуі керек.
"Оқушы үшін педагогтің жауапкершілігі тек оқу уақытында болуы – өте маңызды норма. Сабақтан тыс уақытта бала үшін жауапкершілікті тек ата-аналар көтеруге тиіс. Педагогтің негізгі миссиясы – өз пәнін оқыту, білім алу жолдарын үйрету және заманға сай білімді болу", – деді ол.
