19 нау, 2026 сағат 16:40

Қазақстанда медицинаға арналған Qalqan бірыңғай жүйесі енгізіледі

Фото: Pexels.com

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында Qalqan бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Жаңа платформа пациенттерге қатысты барлық медициналық деректерді бір жүйеге біріктіреді. Атап айтқанда, онда көрсетілген қызметтер, госпитализация, талдаулар, дәрігер тағайындаулары, сондай-ақ МӘМС және ТМККК шеңберіндегі шығындар туралы толық ақпарат қамтылады.

Қазіргі таңда бұл мәліметтер әртүрлі жүйелерде шашыраңқы болғандықтан, пациент өзіне көрсетілген қызметтердің толық көрінісін көре алмайды. Ал Qalqan осы деректерді біріктіріп, медициналық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, пайдаланушылар сәйкессіздіктер туралы хабарлап, «халықтық бақылау» жүргізе алады.

Медициналық ұйымдар деңгейінде платформа ресурстарды, кадр тапшылығын, инфрақұрылымды және қаржыны талдайды. Осы деректер негізінде жүйе тәуекелдерді автоматты түрде анықтап, оларды жою бойынша ұсынымдар әзірлейді. Сондай-ақ барлық медициналық ұйымдардың рейтингі қалыптастырылады.

Сарапшылардың есептеуінше, жобаның экономикалық тиімділігі 200 млрд теңгеден асады. Бұл қаржыландырудың ашықтығын арттырып, дәрігерлер жүктемесін азайтады және жалпы жүйенің тиімділігін күшейтеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов ұсынылған тәсілдерді мақұлдап, мемлекеттік органдарға нақты мерзімдер белгіледі.

  • 25 наурызға дейін – заңнамалық түзетулер енгізу

  • 31 наурызға дейін – қаржыландыру бойынша ұсыныстар дайындау

  • 15 сәуірге дейін – барлық медициналық ұйымдарды жүйеге көшіру

Жалпы, Qalqan жүйесі денсаулық сақтау саласын ашық, тиімді және бақылауға қолжетімді етуге бағытталған ірі реформа болып отыр.