19 нау, 2026 сағат 17:25

Минималды жалақы қашан өседі – вице-министр жауап берді


Фото: gov.kz
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай журналистердің сұрағына жауап бере отырып, минималды жалақыны қайта қарау мәселесі 2027–2028 жылдарға арналған жоспар аясында қарастырылып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл шара Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірігіп жүзеге асыратын іс-шаралар жоспарының құрамына кіреді.

«Минималды жалақыны қайта қарау мәселесі 2027–2028 жылдарға арналған Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-шаралары аясында қарастырылған», – деді өз сөзінде вице-министр.


Елімізде «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге (өзгеріссіз); айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге (2025 жылы – 3 932 теңге); мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге (2025 жылы – 32 360 теңге); ең төменгі зейнетақы мөлшері – 69 049 теңге (2025 жылы – 62 771 теңге); күнкөріс минимумы – 50 851 теңге (2025 жылы – 46 228 теңге) құрайды.