13 там, 2022 сағат 15:18

Қазақстандық марафоншы Каталина бұғазын қалай жүзіп өткенін айтып берді

© Photo : Anel Sytdykova / Facebook

Орал қаласының тумасы Әнел Сытдықова 5 тамызда Калифорниядағы Санта-Каталина аралы мен Ранчо Палос Вердес қаласының жағалауы арасындағы бұғазды жүзіп өтті. Әнел 34 километрді еңсеру үшін 19 сағат 18 минут жұмсады және ол осы қашықтықты тоқтаусыз жүзіп өтті.

Журналистерге берген сұхбатында Әнел жүзу қиын әрі күтпеген жайтқа толы болғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі "Мой город" порталына сілтеме беріп.

"Мен тезірек жүзуді жоспарлағанмын, бірақ қиындықтарға тап болдым. Күшті ағыстар, толқындар, қарсы жел болды. Жарыс қарсаңында көп жүзгеніме қарамастан, аздап қобалжыдым. Бұл бұғазда акулалар бар. Мен жарыс күні олармен бетпе-бет кездесемін бе деп қорықтым", - дейді ол.

Жүзу жарысы сағат 23:00-де басталып, Әнел 19 сағаттың жетеуінде қараңғыда жүзген. Осы уақыт бойы оны бақылаушылар қадағалап отырды.

Марафон шарттарына сәйкес қайыққа қол тигізуге болмайды, жүзу кезінде тек шомылуға арналған арнайы киім, бас киім және көзілдірік киюге болады. Әр жарты сағат сайын сұйық тағамды жеуге рұқсат етілді. Әнелге мұндай тағамды оның жанында ескекті қайықпен жүзіп отырған достары беріп отырды.

"Әнел сегіз жыл бойы марафон жүзуімен айналысады. 30 жасында балаларының жүзу бойынша нұсқаушылары оған жаттығуға қатысуды ұсынған. Қазір оны ресейлік маман Сергей Ленивкин жаттықтырып жүр. Ол онлайн режимде тапсырмалар жіберіп, шәкіртімен бірге жүзу әдіс-тәсілдерін талқылайды. Әнел күн сайын 2-3 сағатын суда жүзуге арнайды", - деп жазады портал.

Журналистерге берген сұхбатында Әнел үй шаруасын жұмыс, аналық міндеттер және хоббимен үйлестіру оңай емес екенін айтты. Өйткені ол күйеуінің бизнес-жобасындағы жұмыс пен тігін, тоқыма және аспаздық бойынша сүйікті ісін қатар алып жүруге тырысады.

"Мен тіпті кешке емін-еркін теледидар көре алмаймын, себебі уақытым тым тығыз", - дейді Әнел.

Әнелдің үш ұлы бар.

Қазір қазақстандық марафоншы отбасымен бірге Англияда тұрады және ол Жапония мен Жаңа Зеландияға баруды жоспарлап отыр. Ол өз саяхатын жүзумен ұштастырып, демалуды көздеп отыр.