14 ақп, 2024 сағат 13:30

ҚазҰУ студент қыздардың жеке деректері бар тізімді кім жария еткенін айтты



Фото:depositphotos.com


ҚазҰУ-дың Құқықтық және құжаттамалық қамтамасыз ету департаменті Желіге университет студенттерінің жеке деректерінің тарап кетуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Tengrinews.kzке сілтеме жасап.


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алдын ала ішкі тексеріс жүргізілгені хабарланды.


"6 ақпанда университетке шарт негізінде медициналық қызмет көрсететін Smart Health University City ЖШС медбикесі Whatsapp мессенджері арқылы флюорографиялық зерттеуден өтуін қамтамасыз ету үшін Механика-математика факультетінің 3-4 курс студенттері тізімі бар Excell форматындағы құжаттарды осы факультет деканатының маманына жіберген", - деп хабарлады ЖОО департаменті.


Алайда тапсырылған құжаттарда студенттердің тегі мен аты-жөнінен бөлек дәрігерлік құпияға қатысты мәліметтер де болған.


"Кейіннен мессенджерлік хабарламалар арқылы университетте оқитын студент қыздарға қатысты жеке деректер мен медициналық құпия бар ақпарат тарап кеткен.
Осы факт бойынша 14 ақпанда университет қызметтік тексеруді тағайындап, Алматы прокуратурасына аталған факт бойынша прокурорлық шара қолдану және студенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету туралы өтінішпен жүгінді", - деп хабарлады университет.


Қазір ҚазҰУ-да Smart Health University City ЖШС-мен келісімшартты бұзу мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланды.

Еске салайық, тізім туралы ақпарат Qumash Telegram-арнасында пайда болды. Арна авторлары WhatsApp желісіндегі 190 адамнан тұратын старосталар тобында студент қыздардың тізімі бар 4 құжат жіберілгенін (1-курстан 4-курсқа дейін) жазды. Қызыл түспен белгіленгендер флюорографиядан өтуі керек екен. Онда қыздардың толық аты-жөнінен басқа олардың ЖСН, ұялы телефондары және медициналық деректері болған. Сондай-ақ, олардың қайсы вирго (гинекологиялық тілмен айтқанда - пәк), қайсы вирго емес екені туралы ақпарат бар.