27 қыр, 2016 сағат 07:55

Қ.Бишімбаев жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін пәтерлердің санын жариялады

Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев тұрғын үй құрылысы саласына қосымша қаржының бөлінгенін жеткізіп, соның арқасында пайдалануға берілетін пәтерлердің артатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол осы саладағы белсенді аймақтарды атады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, соңғы 25 жылдың ішінде 113,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осының арқасында 1 млн.-нан астам отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді.

«Биыл қаржыландырудың барлық бағыттары бойынша жалпы соммасы 750 млрд. теңгені құрайтын 9 млн. шаршы метр тұрғын-үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй құрылысына қосымша 360 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаржы арендалық тұрғын-үйге (53 млрд.), кредиттік баспанаға (127 млрд.), коммерциялық тұрғын үйге (97 млрд.), инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымға (61 млрд.) және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына несие беруге (22 млрд.) жұмсалады. Осының арқасында өткен жылы және ағымдағы жылдың басынан бері 22,6 мың отбасы баспаналы болды. Жылдың соңына дейін тағы 6,8 мың отбасы жаңа үйге кіре алады. Ал 2017 жылы 33 мыңнан астам пәтер салынады», - дейді Қ.Бишімбаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, өткен жылы тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Алматы, Астана, Маңғыстау мен Қызылорда облыстары көш бастап тұрса, биыл Алматы, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстары оқ бойы озық келеді. Ал Маңыстау мен Алматы облыстары осы саладағы жұмысты баяу жүргізіп отыр.

Арман АСҚАРОВ