13 мам, 2022 сағат 14:10

«Хабар» агенттігі Eurovision байқауын көрсетуден бас тартты


"Хабар" агенттігі 2022 жылы Eurovision байқауын көрсетуден бас тарту себебін түсіндірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Өздеріңіз білетіндей, «Хабар» агенттігі 2016 жылдан бастап Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдастырылған мүшесі болғалы бері көрермендеріне халықаралық EUROVISION ән байқауын үзбей ұсынып келді. Алайда агенттік биылғы байқаудың Гранд финалының көрсетілімінен бас тартуға мәжбүр (2022 жылғы мамырдың 15-не қараған түні). 

Шоу өте төмен рейтингтер жинағандықтан осындай шешімге келдік. Бұдан бөлек Қазақстанның өз әншілерін байқауға жіберуге құқы жоқ, ал мұндай ауқымды шараға лицензиялық төлемдер төленуі тиіс. Сондай-ақ, байқаудың онлайн көрсетілім уақыты да отандық телекөрермендер үшін ыңғайсыз – байқау біздің уақытпен түнде өтеді.

Дегенмен айта кетерлік жайт - «Хабар» телеарнасының көрермендері маусым айында Вена Филармониялық Оркестрі қоятын «Summer Night Concert 2022» атты әдемі кешті тамашалайды. Бұл - «Хабар» агенттігінің Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдастырылған мүшесі болғандықтан туған мүмкіндік.

Сонымен қатар биыл агенттігіміз JUNIOR EUROVISION SONG CONTEST (JESC) қатысатыны анық. Ресми ақпарат JESC Ұйымдастырушы комиссиясының шешімінен кейін жарияланады. Қатысушылар жайлы ақпаратты күтіп отырмыз.

«Хабар» агенттігі еліміздің дара таланттарына халықаралық аренада сынға түсуге мүмкіндік туғызып, әлемдік айтулы байқауларды әрі қарай да көрсете береді", - делінген агенттіктің әлеуметтік желідегі хабарламасында.