06 там, 2021 сағат 14:02

Халықтың 80% вакцина алғанша карантин шараларын жұмсартуға болмайды – Алмаз Шарман


Профилактикалық медицина академиясының президенті, Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман вакцинаға қарсы топтың уәждеріне жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейбір антиваксерлер вакциналардағы қандай да бір зиянды химиялық заттардың болуына «алаңдау» қажет деген қауесетті таратуда. Олардан мұндай уәж есту қиын, өздері тек қана органикалық тамақ жеп, Тибеттің ауасымен дем алып, Альпі суын ішіп жүрген жоқ. Әлемде 100 пайыз қауіпсіз ештеңе жоқ. Тіпті қарапайым нан глютенге қарсы көрсетілімі бар адамдарды ауыр жағдайға, кейде өлімге әкелуі мүмкін. Вакцинаға қарсы адамдар көп мөлшерде қабылдайтын биологиялық белсенді қоспалар мен дәрі-дәрмектердің жанама әсерлері болуы мүмкін. Сонымен қатар, қазіргі вакцина өндірісі тазарту дәрежесі мен өндірістік қауіпсіздіктің барлық талаптарын сақтау бойынша жоғары деңгейде», - деп жазды дәрігер Facebook парақшасында. 

Оның айтуынша, вакцинаға наразы топтың тағы бір аргументі – қазіргі вакциналауды толық аяқталмаған вакциналар экспериментіне қауіпті қатысу деп есептейді. 

«Олай болса, 120 жыл бұрын шыққан аспириннің қанға әсері туралы клиникалық зерттеулер әлі де жүргізіліп келеді. Антиваксерлердің осы пікіріне сүйенсек, планетадағы миллиардтаған адамдар аспиринді сынауда «тәжірибелік қоян» болған. Қазіргі уақытта COVID-19 – алдын алуға болатын ауру. Вакцина 100 пайыз болмаса да, коронавирус инфекциясынан жақсы қорғайды және аурудың ауыр өтуінің алдын алады. Әрине, вакцинаның өзі ковидті тудырмайды. Қазіргі уақытта әлемде 4 миллиард доза түрлі вакциналар салынды және вакцинадан туындаған коронавирус инфекциясының бірде-бір жағдайы болған жоқ. Вакцина алғандар іс жүзінде ковидтен қайтыс болмайды», - дейді А. Шарман. 

Сонымен бірге, вакциналар репродуктивті бұзылулар мен жаңа туған нәрестелердегі деформациялардың дамуына әкелмейді. 

Керісінше, ковидпен ауыратындарда бедеулік, белсіздік, шала туу, сондай-ақ мидың, жүректің және басқа органдардың созылмалы бұзылуы, ақыл-ой қабілетінің төмендеуі қаупі бар.

«Қазір күн сайын 7 мыңнан астам қазақстандық коронавирус жұқтырып, 150-ден астам науқас қайтыс болуда. Бұл – үлкен трагедия, егер көптеген адамдар халықты адастырмағанда және көпшілігіміз қажетті вакциналарды уақытылы алғанда, бұлай болмас еді. Өкінішке орай, Қазақстанда халықтың 80 пайыздан астамы коронавирусқа қарсы екпе салдырған жоқ. Бұл оның таралуы мен мутациясы үшін өте қолайлы орта. Мұндай жағдай әлі де жалғасса, коронавирустың жұқпалы және агрессивті нұсқаларына байланысты індеттің жаңа толқындарына тап боламыз. Жеңілдеген карантиндік шаралар кезіндегі вакциналау процесі аса жұқпалы коронавирустың вакцинаға төзімді жаңа нұсқаларын қалыптастыруға ықпал етеді. Себебі бұл вирустың табиғи процесі. Азаматтардың басым көпшілігі, шамамен 80 пайызы вакцина алғанша карантин шараларын әлсіретуге болмайды», - дейді Алмаз Шарман.